Жасөспірімдерді жұлқылап, жәрдемақыға арналған 79 мың теңгені тартып алған әйел сотталды

Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында жергілікті тұрғын жасөспірімдерден әлеуметтік жәрдемақысын күшпен тартып алғаны үшін сотталды. Әйелге бір жыл мерзімге бостандығын шектеу жазасы тағайындалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Іс материалдарына сәйкес, әпке-бауыр екеуі «Қазпошта» бөлімшесіне анасының тапсырмасымен, сенімхат арқылы жәрдемақыны алуға келген. Өйткені аналары кіші баласымен үйде қалған. Алайда оларды есік алдында жергілікті дүкен иесі А.С. күтіп тұрған. Ол пошта қызметкерлерінен әйелдің келетінін алдын ала хабарлауды сұрап, сол арқылы қарызын «өндіріп алмақ» болған.

Жәрдемақыны балалардың алып жатқанын көрген А.С. оларға тап болып, ақшаны беруді талап еткен. Жасөспірімдер бас тартқанда, күш қолдануға көшкен: балаларды жұлқылап, қалталарын тінткен, кейін қызды жерге құлатып, қыса бастаған. Ал онымен бірге келген күйеуі ұлды ұстап тұрып, қолына тас алып қорқытқан, - делінген сот хабарламасында.

Салдарынан балалардың сырт киімдері жыртылған. Әйел мен күйеуі жасөспірімдерден 79 мың теңгені тартып алып, өз көліктеріне отырғызып, дүкендеріне апарып, сонда ғана босатқан. Жасөспірімдер сотта жол бойы оларды балағаттап, қатты дөрекілік көрсеткенін айтты.

Ал А.С. өз кінәсін мойындамаған. Қорғау тарабы шақырған куәгерлер де балалардың өз еркімен көлікке отырғанын, ешкім қол тигізбегенін алға тартқан. Бірақ сот айыптау тарапының дәлелдерін жеткілікті әрі сенімді деп таныды.

Нәтижесінде сот әйелге 1 жыл бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Ол балалардан тартып алған ақшаны қайтарып, жыртылған киімнің құнын өтеген.

Материалдық шығын бойынша азаматтық талап сотта бөлек қаралатын болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы