Жасөспірімдер Олимпиадасы: Еліміздің жетістігі қандай?

Оңтүстік Кореяның Канвон қаласында өтіп жатқан IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасының аяқталуына санаулы күн қалды. Еліміз қатысқан олимпиада ойындарында қандай жетістіктерге жетті. Шолу жасап көрген едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жасөспірімдер арасындағы олимпиада ойындары бұл 14-18 жас аралығындағы спортшыларға арналған дода. Ол төрт жылда бір рет өтіп тұрады. Жазғы Олимпиада 2010 жылдан бастап, ал қысқы Олимпиада 2012 жылдан бастап өткізіліп келеді.

2012 жылғы Қысқы жасөспірімдер Олимпиадасы

Ең алғаш I жасөспірімдер арасындағы қысқа олимпиада ойындары Аустрия астанасы Инсбрук қаласында өтті. Қаңтардың 13-і мен 22-і аралығында өткен бәсекеге еліміздің атынан 38 спортшы бақ сынаған еді. Бұл Олимпиада ойындарында бір күміс, екі қола алып, 23 орынға тұрақтадық. Галина Вишневская биатлоннан бір күміс, бір қола алса, шаңғыдан Сергей Малышев қола жүлдені қоржынға салған.

II Қысқы жасөспірімдер Олимпиадасы

12 ақпан күні Норвегияның Лиллехаммер қаласында қысқы жасөспірімдер Олимпиадасының алауы тұтанды. Әлемнің 70 елінен 1100-ге жуық спортшы бақ сынаған бұл додаға еліміз екінші рет қатысты. Спорттың 16 түрінен 70 медаль жиынтығы сарапқа салынған сайыста ел құрмасы 4 медальмен 26 орынға тұрақтады. Биатлоншы Арина Пантова мен мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева қола, конькиші Анвар Мухамадиев күміс жүлдені, шорт-тректен аралас командалық жарыс бойынша 6-топта сынға түскен Анита Нагай, болгар қызы Катрин Манойлова, латыш спортшысы Карлис Крусбергс және жапониялық Казуки Йошинагамен бірге өнер көрсетіп, Олимпиаданың қола жүлдесін иеленді.

Еліміз жүлдесіз қалған Олимпиада ойыны

2020 жылғы жасөспірімдер арасындағы 3-қысқы Олимпиада ойындары Швецияның Лозанна қаласында өтті. Бұл Олимпиада ойындарында 27 қазақстандық спортшы бақ сынады. Жалпы әлемнің 70 мемлекетінен 15-18 жас аралығындағы 1880 спортшы жарыс жолына шықты. Төртжылдық додада спорттың 16 түрінен 81 жүлделер жиынтығы сарапқа салынды. Алайда, бұл байрақты бәсекеде спортшыларымыз жүлде алмай, қоржынымыз құр қайтты.

Канвон-2024

Биыл Оңтүстік Кореяның Канвон қаласында IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасының алауы тұтанды. Әлемдік бәсекеге 78 мемлекеттен 14 пен 17 жас аралығындағы 1800-ден астам спортшы қатысып жатыр. 1 ақпанға дейін созылатын жарыс бағдарламасында жас спортшылар спорттың 7 түрінен (15 дисциплина) 81 жүлде жиынтығын сарапқа салады. Еліміздің атынан жарыс жолына шыққан спортшыларымыз жүлде алып үлгерді. Шаңғымен тұғырдан секіру сайысында 38 қарсыласпен сынға түскен 16 жастағы Илья Мизерных чемпион атанды. Осылайша еліміз үшін қысқы жасөспірімдер Олимпиадасында тарихи жеңіс тіркелді. Аталған Олимпиада ойындарында бұған дейін ел қоржынында алтын жүлде болмаған еді. Екінші жүлдені шорт-трекші Полина Омельчук алып келді. Ол 1000 метрге жүгіруден мәреге үшінші болып келіп, қола медалді қанағат тұтты. Хоккейшілерімізде жақсы нәтиже көрсетті. Ұлттыщқ құрама ойыншылары жарыстың қола жүлдесі үшін өткен матчта Аустрия хоккейшілерімен шеберлік байқасып, 6:5 (4:1, 1:2, 1:2) есебімен басым түсті.Осылайша ел құрамасы әзірге 3 жүлдемен 14-орында тұр. Байрақты бәсеке 2 ақпан күні аяқталатынын ескерсек, жарыс жолына шығатын әлі де спортшыларымыз бар.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы