Жасөспірімдер арасында туберкулез көбейген
Атырау облысының жасөспірімдері арасында туберкулез көбейген. Биылдың өзінде кох таяқшасы 24 жасөспірімнен анықталыпты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мамандар бұған ең алдымен балалар мен жасөспірімдерге салынуы тиіс екпелерге, ата-аналардың қарсылық танытуы себеп дейді. Онымен қоса тұрғындар, дәрігер тағайындаған емді дер кезінде қабылдамай, салғырт қарайтын көрінеді.
Жасөспірімдер арасындағы аурушаңдық былтырға қарағанда өсіп отыр. 100 жасөспірімге шаққанда, 91 пайыз көрсеткіш деген ол өте үлкен негізінде. Өкінішке қарай, республика бойынша бұл үлкен көрсеткіш. Балалар арасында бізде керісінше 43 пайызға азайып отыр. Биыл 17 баладан ауру анықталған. Бірақ балалардың арасында профилактика дұрыс жүргізбеуіміз, ата-аналардың көбіне келісімі болмауы, "бцж" алғанда немесе манту салынғанда қарсылық білдіруі жағдайды ушықтырады. Тағайындалған емнен де бас тартпаған дұрыс. Біз ата-ана келісімінсіз, ешқандай жұмыс жүргізе алмаймыз. Әр ата-ана жауапкершілікпен қарауы керек, - дейді Облыстық фтизиопульмонология орталығының директоры Жаңабай Сағиев.
Туберкулез бойынша өңірдегі жалпы ахуал нашар емес. Былтырғымен салыстырғанда 20 пайызға азайған.
2023 жылы диспансерлік есепте 600-ден астам тұрғын болса, бүгінде 525 адам бар. Бұл республиканың өзге облыстарымен салыстырғанда әлдеқайда жақсы көрсеткіш, - дейді орталығық директоры.
Салыстырмалы түрде айтсақ, туберкулез әсіресе Алматы облысы, Ұлытау облысы және Солтүстік Қазақстан облыстарында өршіп тұрған көрінеді.
Ал Атырау облысында 2022-2023 жылдардың 12 айындағы көрсеткіштерді салыстырсақ, ауру Жылыой, Исатай және Құрманғазы аудандарында азайыпты. Қаладағы № 3,4,5 сынды емханаларында кеміпті.