Жасанды ұрықтандыруға жыл сайын жеті мың квота беріледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілішісі. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Орталық коммуникациялар қызметінде өткен халық алдында есеп беру кездесуінде айтты.

Оның айтуынша, өткен жылы берілген квота саны 1 105 болатын. Мемлекет басшысының Жолдауда берілген тапсырмасына сай, биыл оның саны жеті мыңға ұлғайтылды. Және жыл сайын жеті мың квота берілетін болады. Осылайша, «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында еліміздің мыңдаған отбасыларына көптен күткен ата-ана болу бақыты бұйырады.

Есеп беру кезіндегі мәліметке сүйенсек, еліміздің сегіз қаласында қосалқы репродуктивті технологиялар қызметін орындайтын 27 клиника жұмыс істейді, олардың 19-ы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында қызмет көрсетеді.

Ана мен баланың денсаулығын қорғау министрліктің басым бағыты. Балалардың денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету үшін олардың скринингтік зерттеулерін жалғастырамыз. 2020 жылы скринингпен 4 млн астам бала қамтылды, олардан 400 мыңға жуық ауру анықталды, оның ішінде 151 мыңнан астам адам есепке алынды. Айта кету керек, біз Балалар кардиохирургиялық қызметін дамыту бойынша шаралар қабылдап жатырмыз, - деді ол.

Сонымен қатар  министр соңғы үш жылда жеті мыңға жуық баланың кардиохирургиялык қызметке жүгінгенін атап өтті. Өткен жылы ашық жүрекке 1 627 операция, 426 эндоваскулярлық операция жасалған. 

Оның айтуынша, балалар онкологиялық қызметін дамыту жалғасуда. 5 жылдың ішінде 210 сүйек кемігін транспланттау жүргізілді. Қатерлі ісіктері бар балалардың жалпы өмір сүру деңгейі қазіргі уақытта 74% құрайды.

Кездесу барысында келтірілген статистикалық мәліметтерге сәйкес, өткен жылы тірі туылған балалар саны 427 мың болды, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 24 мыңға көп. Жүкті әйелдердің саны 436 мыңға жуық болды, олардың саны 2020 жылы 2019 жылмен салыстырғанда 21 мыңға артты.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы