7 Қыркүйек 2026, 12:30 Фото: gov.kz

Жасанды интеллектінің жаһандық іркілісі: Қазақстан цифрлық жүйелерін қалай қорғайды?

Кеше әлемнің түкпір-түкпіріндегі пайдаланушылар жасанды интеллект сервистерінің жұмысында жаппай іркіліс болғанын хабарлады. ChatGPT, Claude, Grok және Google Gemini сервистері уақытша қолжетімсіз болды. QazTech альянсының Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің тең төрағасы Евгений Питолин БАҚ-та кеңінен тараған дүрбелеңді әлем халқының жасанды интеллектіге айтарлықтай тәуелді болып қалғанының нақты белгісі деп санайды. Мемлекет басшысы кез келген инфрақұрылымның іргелі киберқауіпсіздік қамтамасыз етілмесе, осал болатынын атап өткен еді. Қазақстан бұл стандарттарды қалай енгізіп жатқанын сарапшымызбен бірге талқылаймыз.

Егер жаһандық жүйелерде ауқымды іркіліс болса, Қазақстан да бүкіл әлем сияқты оның салдарын өмірдің барлық саласында сезінеді. Сарапшының айтуынша, Қазақстанда жасанды интеллектіге тәуелділік артып келеді және бұл жаңа осалдықтарды туындатады. Сондықтан қазір сервистерімізді цифрлық күйзелістерден қорғаудың түрлі жолдары қарастырылып жатыр.

Ең қарапайым мысал ретінде экономикадан бастайық. Тәуекелдерді талдау, алаяқтықты анықтау және биржадағы сауда кезінде жасанды интеллектіні пайдаланатын қаржы секторының өзі хаосқа тап болуы мүмкін. Қоғамдық және инфрақұрылымдық қауіпсіздықты қамтамасыз ететін кез келген технология туралы айтсақ, ақылды қалалардағы электр желілерін басқару жүйелеріндегі кез келген ақау нақты апаттарға, қала тіршілігінің тоқырауына әкелуі мүмкін. Яғни жасанды интеллект қолданылатын көлік қозғалысын басқару платформаларының кез келгені қауқарсыз болып қалуы ықтимал, – деп атап өтті сарапшы.

Евгений Питолиннің айтуынша, елімізде мұндай жағдайға жол бермеу үшін дәл қазір егеменді QazTech платформасы мен қазақстандық жасанды интеллект платформасының құрылысы жалғасып жатыр. Сарапшының теңеуінше, олар цифрлық қала-қамал іспетті. Қазірдің өзінде цифрлық әзірлемелер үдерісі осы жерде орталықтандырылып жатыр. Биылғы қаңтардан бастап QazTech платформасынан тыс кез келген жаңа мемлекеттік жүйені құруға мораторий енгізілді. Мемлекеттік органдар кезең-кезеңімен осы платформаға көшіріліп жатыр, ал оның инфрақұрылымы тәулік бойы бақылауда. Сондықтан қандай да бір жаһандық дағдарыс болған жағдайда қазақстандықтар бір-бірімен байланыспайтын бытыраңқы жүйелермен қалмайды.

Мысалы, биыл білім беру қызметтерінің бір бөлігі QazTech платформасында қайта құрылды және ешқандай іркіліс болған жоқ, 300 мыңнан астам өтінім өңделді. Бұған дейін, өздеріңіз білетіндей, балаларды мектепке, балабақшаға және басқа да ұйымдарға тіркеуге арналған білім беру жүйелері алғашқы күні-ақ істен шығатын. Сондықтан қазір толық бақылау бар, өз платформамыз, серверлеріміз бен деректеріміз бар, – деп жалғастырды Евгений Питолин.

Екінші қорғаныс тосқауылы – біздің энергетикалық және цифрлық қауіпсіздік жастығымыз, яғни дата-орталықтар алқабы. Бұл басымдық берілген жоба маңыздылығы жағынан энергетикалық, логистикалық және азық-түлік тәуелсіздігімен пара-пар.

Егер Amazon, веб-сервистер, Google Cloud, Azure секілді қандай да бір жаһандық платформа іркіліспен жұмыс істей бастаса, бізде жұмысын жалғастыратын өз инфрақұрылымымыз болады. Қолжетімді электр энергиясы орталықтың жұмыс істеу құнын төмендетеді. Бұл, шын мәнінде, сенімді цифрлық инфрақұрылым. Ал юрисдикцияның болжамдылығы халықаралық қауымдастыққа инфрақұрылымды Қазақстанға көшіру мүмкіндігін қарастыруға негіз береді, – деді сарапшы.

Оның сөзінше, биыл дербес деректерді қорғаудың түрлі тетіктеріне қоса, мұндай құқық жаңа Конституцияда да бекітілді. Бүгінде еліміз шетелдік IT өнімдері мен жасанды интеллект сервистерін жай ғана тұтынушы болу моделінен бас тартып, өз тілдік модельдеріне белсенді түрде көшіп жатыр. Тиісінше, KazLM, AlemM секілді ұлттық тілдік модельдер бар, олар мемлекеттік суперкомпьютерде жұмыс істейді. Сондықтан қазірдің өзінде жаһандық іркіліс болған күннің өзінде елімізде жұмыс істейтін өз модельдеріміз бар деп сенімді айтуға болады. Алдағы уақытта олар жетілдіріле береді.