Бүгiн 2026, 10:27 Фото: pixabay.com

Жасанды интеллектіні кәсіби дамуда қалай пайдалану керек? IT сарапшысы түсіндірді

Бүгінде жасанды интеллект кәсіби дамудың маңызды құралына айналып келеді.

Жасанды интеллект күнделікті өмірдің ғана емес, кәсіби ортаның да ажырамас бөлігіне айналып келеді. Бүгінде оны әртүрлі сала мамандары пайдаланады. Дегенмен жасанды интеллектіні тиімді қолданудың өз қағидалары бар, ал кей жағдайда оған толық сенім арту қауіпті болуы мүмкін. IT саласының маманы, сарапшы Жомарт Қасым BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында жасанды интеллектінің мүмкіндіктері, еңбек нарығына ықпалы және болашақ мамандар қандай дағдыларды дамытуы керектігі туралы айтып берді.

Жомарт Қасымның айтуынша, бүгінде жасанды интеллект кәсіби дамудың маңызды құралына айналып келеді. Ол бұл технология адамның уақытын үнемдеп қана қоймай, көптеген күнделікті міндетті жеңілдететінін айтады.

Жасанды интеллект ең алдымен адамның уақытын үнемдейді. Ол үлкен көлемдегі ақпаратты бірнеше минут ішінде саралап, мәтін жазуға, аударуға, жоспар құруға, код жазуға, деректерді талдауға, презентация әзірлеуге көмектеседі. Бұрын бірнеше сағат алатын жұмысты қазір бірнеше минутта орындауға мүмкіндік бар, - дейді Жомарт Қасым.

Дегенмен сарапшы жасанды интеллектіні толыққанды шешім қабылдайтын құрал ретінде емес, көмекші ретінде қарастыру керегін атап өтті.

Оның сөзінше, стратегия әзірлеу, келіссөз жүргізу, шығармашылық идея ұсыну, этикалық мәселелерді бағалау сияқты жауапты міндеттер әлі де адамның құзырында қалуы тиіс. Жасанды интеллект ұсыныс бере алады, алайда соңғы шешімді адам қабылдайды.

Әр мамандық иесі жасанды интеллектіні қалай пайдалана алады?

Жомарт Қасымның айтуынша, жасанды интеллектінің мүмкіндігі әр мамандықта әртүрлі.

Мәселен, журналистер оны ақпаратты жүйелеуге, сұхбат сұрақтарын дайындауға, мәтінді өңдеуге және тақырып ұсынуға пайдалана алады. Бірақ фактілерді тексеру мен жарияланған материалға жауапкершілік журналистің өзінде қалуы қажет.

Мұғалімдер сабақ жоспарын, тест тапсырмаларын және оқушылардың деңгейіне бейімделген материалдарды жылдам әзірлей алады. Заңгерлер заңнаманы іздеу, құжаттардың бастапқы жобасын дайындау, сот тәжірибесін салыстыру жұмыстарын жеңілдете алады. Алайда құқықтық қорытындыны маманның өзі жасауы керек, - дейді маман.

Маркетологтар аудиторияны талдап, жарнамалық мәтіндер мен контент жоспарын әзірлей алады. Ал кәсіпкерлер бизнес-жоспар құру, қаржылық болжам жасау, клиенттермен жұмыс сценарийлерін әзірлеу және нарықты зерттеу жұмыстарын оңтайландыра алады.

Ортақ қағида біреу: жасанды интеллект маманды алмастырмайды, бірақ оны тиімді пайдаланатын маман басқалардан озады, - дейді сарапшы.

Жасанды интеллектіні кәсіби дамуға қалай пайдалану керек?

Сарапшының пікірінше, көпшілік жасанды интеллектіден тек дайын жауап күтеді. Бұл оның мүмкіндігін толық пайдаланбаудың белгісі.

Оны жеке тәлімгер ретінде қолдануға болады. Мысалы, ағылшын тілін үйреніп жүрген адаммен күн сайын диалог жүргізуге, бағдарламалауды үйренушіге кодтағы қатесін түсіндіруге, менеджерге келіссөз жүргізуді модельдеуге мүмкіндік береді, - дейді ол.

Сонымен қатар, Жомарт Қасым өз жұмысына кері байланыс алу да өте тиімді тәсіл екенін айтады. Оның айтуынша, мақала, презентация немесе коммерциялық ұсынысты жасанды интеллектіге көрсетіп, әлсіз тұстарын анықтап беруді сұрауға болады.

Ең бастысы - дайын жауапты көшіріп алу емес, оның неге дәл солай ұсынылғанын түсінуге тырысу. Сонда ғана кәсіби даму жүреді, - дейді сарапшы.

Жиі жіберілетін қателіктер қандай?

Жомарт Қасымның айтуынша, ең үлкен қателіктің бірі - жасанды интеллект берген ақпаратты күмәнсіз қабылдау. Оның сөзінше, кейде жүйе жоқ деректерді ойдан құрастыруы, ескірген мәліметке сүйенуі немесе заңдық, медициналық, қаржылық мәселелерде қате кеңес беруі мүмкін. Сондықтан маңызды ақпаратты міндетті түрде ресми дереккөздер арқылы тексеру қажет.

Сарапшы тағы бір жиі кездесетін қателік ретінде тым жалпы сұрақ қоюды атады.

Жасанды интеллектінің жауабы көбіне қойылған сұрақтың сапасына байланысты. Неғұрлым нақты тапсырма берілсе, нәтиже де соғұрлым сапалы болады, - дейді ол.

Болашақта қандай дағдылар маңызды болады?

Жомарт Қасымның пікірінше, алдағы жылдары техникалық біліммен қатар бірнеше әмбебап қабілет ерекше сұранысқа ие болады.

Олардың қатарында сыни ойлау, мәселені шешу қабілеті, тиімді коммуникация, креативтілік, жаңа технологияларды тез меңгеру және өмір бойы білім алуға дайын болу бар, - дейді IT маман.

Сарапшының айтуынша, жасанды интеллектімен тиімді жұмыс істей білу де жеке құзыретке айналады. Сонымен қатар, адамның эмпатиясын, көшбасшылық қасиетін, жауапкершілігін, этикалық шешім қабылдау қабілетін және шығармашылық интуициясын ешқандай технология толық алмастыра алмайды.

Жасанды интеллект шығармашылыққа кері әсер ете ме?

Сарапшының сөзінше, бұл бағытта расымен қауіп бар.

Бірақ мәселе технологияда емес, оны пайдалану тәсілінде. Егер адам кез келген тапсырманы жасанды интеллектіге толық тапсырып, өзі ойлануды тоқтатса, уақыт өте келе талдау жасау, жаңа идея ойлап табу қабілеті әлсіреуі мүмкін, - дейді Жомарт Қасым.

Ал жасанды интеллектіні пікірталас жүргізетін серіктес ретінде пайдаланса, керісінше, адамның ойлау көкжиегі кеңейетінін айтады.

Мен әрдайым мынадай тәсілді ұсынамын: алдымен мәселені өзіңіз шешіп көріңіз, содан кейін ғана жасанды интеллектінің нұсқасымен салыстырыңыз. Бұл әдіс сыни ойлауды сақтауға көмектеседі, - дейді ол.

ЖИ-ді енді қолдана бастағандарға кеңес

Сарапшы жасанды интеллектіні күнделікті қайталанатын жұмыстардан бастап енгізуге кеңес береді. Оның айтуынша, хат жазу, ақпаратты қорытындылау, жоспар құру, мәтін өңдеу немесе кестелерді талдау сияқты жұмыстарды алдымен жасанды интеллектінің көмегімен орындап көру керек.

Күн сайын осындай бір тапсырманы жасанды интеллектінің көмегімен орындап көруді әдетке айналдырған дұрыс, - дейді Жомарт Қасым.

Сарапшы бастапқы кезеңде ChatGPT, Claude, Gemini немесе Microsoft Copilot сияқты әмбебап сервистерді пайдалануға болатынын, кейін өз мамандығына арналған арнайы құралдарды меңгеруге кеңес береді. Сонымен қатар, әр тапсырманы нақты әрі толық тұжырымдау маңызды екенін айтады. Себебі нәтиженің сапасы көбіне қойылған сұраққа байланысты.

Алдағы 5-10 жылда не өзгереді?

Жомарт Қасымның болжамынша, алдағы он жылда жасанды интеллект барлық салаға терең енеді. Көптеген қайталанатын жұмыс автоматтандырылып, салдарынан мамандардың міндеттері айтарлықтай өзгереді. Оның пікірінше, болашақта әр қызметкердің жанында құжат әзірлейтін, деректерді талдайтын, есеп дайындайтын және шешім қабылдауға бірнеше нұсқа ұсынатын цифрлық көмекші болады.

Сарапшы Қазақстандағы мамандарға дәл қазірден бастап жаңа технологияларды күнделікті жұмысына енгізуге, ағылшын тілін меңгеруге, цифрлық сауаттылықты арттыруға, деректермен жұмыс істеуді үйренуге және жасанды интеллект құралдарын тұрақты пайдалануға кеңес берді.

Ең маңыздысы - "мені жасанды интеллект алмастыра ма?" деген сұрақты емес, "мен жасанды интеллектіні өз жұмысымды күшейту үшін қалай пайдалана аламын?" деген сұрақты қою керек. Болашақта бәсекелестік адамның жасанды интеллектіні қолдану қабілетіне де тікелей байланысты болады, - деп түйіндеді Жомарт Қасым.