Жасанды интеллект жаппай қысқартуға себеп болмайды – депутат
Жасанды интеллект еңбек нарығының құрылымын өзгертетіні сөзсіз. Бірақ бұл жаппай жұмыстан босатуға немесе мамандықтардың жойылуына әкелмейді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Сенат кулуарында Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева мәлімдеді.
Мен болжам жасауға аса сақтықпен қараймын. Өйткені бүгінде нақты деректерді ешкім айта алмайды. Егер қазір қандай да бір сандарды атауға тырыссақ, бұл түрлі саланың өкілдерінде алаңдаушылық туғызуы мүмкін. Иә, жасанды интеллект еңбек нарығын өзгертеді және кейбір функцияларды автоматтандырады, бірақ адам өз орнынан кетпейді, – деді Смышляева.
Айтуынша, ЖИ адамды алмастырмайды, тек оның жұмысының бір бөлігін жеңілдетеді. Ал жауапкершілік пен шешім қабылдау құқығы бұрынғыдай адамның өзінде қалады.
Жұмысқа жасанды интеллект қабылданды» деу – дұрыс емес. Жұмысқа қабылданатын – адам. Тек оның кейбір функциялары жасанды интеллект жүйесі арқылы автоматтандырылады, – деп түсіндірді ол.
Смышляева атап өткендей, ЖИ қызметкерлерді бірсарынды операциялардан босатады. Бірақ сонымен бірге жаңа бағыттар мен мамандықтардың пайда болуына жол ашады.
Қазір әлемде ашылып жатқан және жабылып жатқан жұмыс орындарының айырмасы шамамен 5–7 пайызды ғана құрайды. Яғни мамандықтар жойылмайды, тек трансформацияланады, – деді депутат.
Оның пікірінше, мемлекеттің де, жұмыс берушілердің де басты міндеті – кадрларды қайта даярлауға жүйелі түрде дайын болу.
Қорқудың қажеті жоқ, керісінше қайта оқыту жүйесін дұрыс жолға қою керек. Бұл бір күнде болмайды: біреулер жаңа кәсіпке тез үйренеді, ал кейбіріне уақыт қажет. Біз әдетте бір ғана мамандық иесі болуға бейімбіз, ал қазір көзқарасты өзгертіп, жаңа дағдыларды меңгеруіміз қажет. Әсіресе цифрлық технологиялар саласында, - деді Смышляева.
Депутаттың сөзінше, ЖИ ең алдымен қайталанатын және қарапайым процестерді алмастырады. Бұл кез келген салаға тән құбылыс.
Мысалы, заң саласында ол типтік келісімшарттарды әзірлеуге көмектеседі. Ал деректерді талдау саласында әлдеқайда ауқымды ақпаратты өңдей алады. Бірақ қорытынды шешім мен есепті бәрібір адам жасайды, – деп түсіндірді депутат.
Смышляева журналистика саласын да атап өтті. Мұнда да жасанды интеллект жаңалықтар таспасын автоматтандыра алады, бірақ шығармашылық жұмысты алмастыра алмайды.
Егер сіз журналистік зерттеу жүргізіп жатсаңыз, ЖИ материал жинауға көмектеседі, бірақ шығармашылық бөлігін орындай алмайды. Адам еңбегіне шығармашылық тұрғыдан келген сайын, оның кәсібін алмастыру қаупі соғұрлым азаяды, – деп түйіндеді депутат.
Ал бұған дейін ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Дмитрий Мун алдағы бес жылда 2,5 млн қазақстандық жұмыссыз қалуы мүмкін екендігі жайлы мәлімдеген болатын.