Кеше 2026, 17:55 Фото: Юнус Эмре атындағы түрік мәдени орталығы

ЖИ және фейк ақпарат дәуірі: Ақпараттық қауіпсіздік мәселесі БАҚ назарында

Астанада бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен жалған ақпарат дәуіріндегі масс-медианың рөлі талқыланды.

Іс-шара Түркияның Қазақстандағы елшілігінің қолдауымен Юнус Эмре атындағы түрік мәдени орталығының ұйымдастыруымен өтті. Басқосуға қалалық, республикалық және халықаралық БАҚ өкілдері жиналды.

Жиында сөз алған Түркия Республикасының Қазақстандағы елшісінің Байланыс жөніндегі кеңесшісі Хасан Кучуккандемир дезинформациямен күрес бүгінгі күннің басты басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, Түркияда бұл бағытта арнайы құрылымдар жұмыс істейді және халықаралық тәжірибе алмасуға дайын.

Юнус Эмре атындағы түрік мәдени орталығы

Ал журналист, «Aman bala» әлеуметтік жобасының авторы Гүлмира Алякпарова жалған ақпараттың ауқымы кеңейіп, оның қоғамға тигізер әсері күшейгенін жеткізді. Ол бұл құбылыс тек ақпараттық мәселе ғана емес, қоғамдық тұрақтылық пен ұлттық қауіпсіздікке әсер ететін факторға айналғанын айтты.

Жасанды интеллект арқылы жасалған фото және видео материалдар балалардың психологиялық тұрақтылығы мен эмоциялық дамуына кері әсерін тигізіп отыр. Бұл – аса алаңдатарлық жағдай, – деді ол.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық технологияларды дамыту барысында ұлттық қауіпсіздік пен ақпараттық гигиена мәселелеріне ерекше назар аудару қажеттігін бірнеше рет атап өткен. Президент жасанды интеллектімен жұмыс істеу дағдыларын мектеп қабырғасынан бастап қалыптастыруды тапсырған болатын.

Юнус Эмре атындағы түрік мәдени орталығы

Сонымен қатар жиында TRT Kazakstan телеарнасының басшысы Мехмед Чалышкан Түркі мемлекеттері арасында цифрлық қауіптерге қарсы ортақ ақпараттық кеңістік қалыптастыру бағытында жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.

Еске салайық, 2025 жылдың қазан айында Әзербайжанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде Қазақстан Президенті Астанадағы Alem.AI жасанды интеллект орталығы базасында Цифрлық инновациялар орталығын құруды ұсынған еді. Бұл бастама бірлескен стартап жобаларды дамытуға және цифрлық технологиялардың әлеуетін тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ биыл сәуір айында Қазақстанға ресми сапармен келген Түркия вице-президенті Джевдет Йылмаз Alem.AI орталығының алғашқы нәтижелерімен танысты.

Ал 2026 жылғы 15 мамырда Түркістан қаласында өтетін Түркі мемлекеттері ұйымы  басшыларының бейресми саммитінде дәл осы «Жасанды интеллект және цифрлық даму» тақырыбы талқыланады деп жоспарланып отыр.