Жасанды интеллект те энергияға тәуелді: Қазақстанға АЭС не үшін қажет?
Қазақстан әлемдегі ең ірі уран өндіруші елдердің бірі.
Қазақстанда атом энергетикасын дамыту мәселесі қайтадан күн тәртібіне шықты. Елде алғашқы атом электр станциясының құрылысына дайындық жүріп жатыр. Экономист Айбар Олжай пікірінше, бұл жоба тек электр тапшылығын шешуге емес, елдің ұзақмерзімді экономикалық дамуына да ықпал етуі тиіс, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның сөзінше, электр энергиясына деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Өнеркәсіптің дамуы, жаңа өндіріс орындарының ашылуы, цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларының кеңінен қолданылуы тұрақты энергия көздерінің маңызын бұрынғыдан да арттырды.
Бүгінде бәріміз жасанды интеллект туралы айтып жүрміз. Бірақ оның артында алып электр қуаты тұр. Қазақстанның бұл тұрғыда үлкен мүмкіндігі бар. Біз әлемдегі ең ірі уран өндіруші елдердің біріміз. Сондықтан шикізатты сыртқа сатумен ғана шектелмей, өзіміздің энергия қауіпсіздігімізді қамтамасыз етуге де басымдық беруіміз керек. Болашақта қуатты экономика құрамыз десек, ең алдымен қуатты энергетика қажет, - деді ол.
Қазақстан бүгінде уран өндіру көлемі бойынша әлемде көш бастап тұр. Дүниежүзілік ядролық қауымдастықтың мәліметіне сәйкес, еліміз жыл сайын 22 мың тоннадан астам уран өндіреді. Алайда оның негізгі бөлігі экспортқа жөнелтіледі.
Экономистің айтуынша, алдағы жылдары Қазақстанның электр энергиясына деген қажеттілігі арта түседі. Бұған өндіріс көлемінің ұлғаюы, жаңа инвестициялық жобалардың іске қосылуы және цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы әсер етеді.
Қазақстанда салынуы жоспарланған ВВЭР-1200 реакторлары бүгінде әлемдегі ең заманауи әрі қауіпсіз жобалардың бірі саналады. Мамандардың айтуынша, бұл реакторлар алдыңғы буынмен салыстырғанда 17 пайызға көп электр энергиясын өндіреді, пайдалану мерзімі де ұзақ, қауіпсіздік жүйелері әлдеқайда жетілдірілген, - деді Олжай.
Сарапшы еліміз тек уран сатып отырған мемлекет болып қалмай, оны жоғары технологиялы энергия өндіруге пайдалана алатын елге айналуы керек дейді.
Шикізатты ғана экспорттайтын емес, өз ресурсын өз дамуына жұмсайтын мемлекет ұтады. Болашақта қуатты экономика құру үшін қуатты энергетика қажет. Ал сенімді энергия көзі жоқ жерде индустрияны да, ірі инвестициялық жобаларды да толық жүзеге асыру қиын, - деп түйіндеді Айбар Олжай.