Жасанды интеллект саласында маман тапшы – Президент
Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.
Дербес тіл моделін әзірлеу – жасанды интеллект саласындағы болашағы зор бағыттың бірі. Қазір қазақ тілі моделін жасау жұмысы қолға алынып жатыр. Осы жұмысқа сегіз ғылыми-зерттеу институты мен жоғары оқу орнынан тұратын консорциум тартылды. Бұл бастама цифрлық дербестігімізді қамтамасыз етеді. Сондай-ақ мемлекеттік тілді дамытуға мықты серпін береді.
Жасанды интеллект саласында маман тапшылығы бар екенін білесіздер. Бұл мәселені тез арада шешу қажет. Әрине, нақты жұмыстар да атқарылып жатыр. Еліміздегі бірқатар жоғары оқу орындарында Google және Huawei сияқты көшбасшы компаниялардың арнайы курстары ашылды, - деді ол.
Президент Корея, Қытай елдеріндегі жетекші білім ордаларымен келісімге қол жеткізілгені туралы айтты.
Білім алмасып, мамандарды бірлесе даярлау туралы уағдаластық бар. Бізге өскелең ұрпақтың жаңа цифрлық технологияны еркін меңгергені керек. Сол үшін орта мектептер мен жоғары оқу орындарындағы білім бағдарламаларын қайта қарау қажет. Әсіресе, жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін үйренуге баса мән берілуге тиіс.
Жалпы Үкімет жасанды интеллект саласын жан-жақты дамытуға барынша назар аударуы керек. Бұл жұмыста Ұлттық кеңес мүшелерінің әлеуетін пайдаланған абзал. Кеңес құрамындағы жұмыс тобына ұсынылған сарапшылар тізімін бекітуді тапсырамын. Олар жасанды интеллект индустриясындағы өзекті мәселелерді шешуге белсене қатысуға тиіс, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.