Жасанды интеллект: Қазақстан колледждерінде жаңа мамандықтар пайда болады
Жасанды интеллектіні білім беру саласына енгізу – көптеген мүмкіндіктерге жол ашады. Сондықтан келесі жылы мамандықтар мен біліктіліктердің ресми тізбесінде айтарлықтай өзгерістер болуы мүмкін. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Асет Мұханбетовтен сұрадық, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мұханбетовтің айтуынша, келесі оқу жылынан бастап жаңа мамандықтар білім беру бағдарламаларына енгізілмек.
Бұл процесс алдын ала дайындалып, ресми түрде бекітіледі. Жаз айларында студенттер оқуға қабылданып, қыркүйек айында оқу процесі басталады. Сол уақытқа дейін біз жаңа мамандықтар бойынша классификаторларды әзірлеп, толық дайындап үлгеруіміз қажет, - деді ол.
Қандай жаңа мамандықтар пайда болуы мүмкін?
Басшының айтуынша, енгізілетін жаңа мамандықтар қатарында қазіргі таңда ерекше қажеттілігі бар бағыттар болады.
Жасанды интеллект технологиясы бүгінде өте қажет, сондықтан біз оны енгізуді жоспарлап отырмыз. Уақыт өте келе, шамамен үш жылдан кейін атом саласында кадрлар даярлауды бастауымыз қажет болады, - деді ол.
"Білім беру жүйесінде цифрландырудың жедел дамуына байланысты оқытушыларға жаңа талаптар енгізіліп жатыр ма?" деген сауалға:
Біз цифрландыру үшін жанталасып жатқан жоқпыз. Келесі оқу жылынан бастап білім беру бағдарламаларының мазмұнына жасанды интеллект негіздерін оқыту бойынша арнайы модуль енгізу жоспарда бар. Бұл тек IT-мамандықтарында ғана емес, барлық білім беру бағдарламаларында болады, - деп жауап берді.
Сонымен қатар студенттердің жасанды интеллектіні қолдана алуы үшін бірнеше бағытта жұмыс жүргізілетіні айтылды.
Әрине, білім алушылар үшін жасанды интеллектіні жаппай оқыту қажеттігін түсінеміз. Қазіргі таңда педагогтарды қайта даярлаудан өткізіп, колледждерде жасанды интеллект элементтерін енгізгеннен кейін цифрландыру, автоматтандыру, соның ішінде жаһандану да біздің технологиялық өнімдерімізге біртіндеп енгізіледі, - деп атап өтті ол.
Мұханбетовтің сөзінше, халықаралық ұйымдармен тәжірибе алмасу жұмыстары қазірдің өзінде белсенді жүргізіліп жатыр.
Бүгінгі күні әлемнің 30 елімен келісімдер жасалып, 60-тан астам меморандумға қол қойылды. Олар жасанды интеллект бойынша ғана емес, барлық сала бойынша тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Бұл білім беру бағдарламаларына жаңа халықаралық стандарттарды енгізуге жол ашады. Бұл жұмыс әрі қарай жалғасады, - деді ол.