3 Тамыз 2026, 17:10 Фото: © Александр Демьянчук/ ТАСС

Жасанды интеллект пен жалған ақпарат: Санкт-Петербургте Қазақстан–Ресей медиафорумы өтіп жатыр

Санкт-Петербургте Қазақстан мен Ресейдің мемлекеттік органдарының, жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының, медиахолдингтері мен сарапшылар қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен III Қазақстан–Ресей медиафорумы өтіп жатыр. Форумға Қазақстан атынан Президент Әкімшілігінің, министрліктердің, дипломатиялық корпустың өкілдері және отандық БАҚ басшылары кірген делегация қатысуда.

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Коммуникациялар бөлімінің меңгерушісі Қанат Құлшыманов өз сөзінде әлеуметтік желілер мен жасанды интеллект технологияларының қарқынды дамуы жалған ақпараттың таралуына қалай әсер етіп жатқанын сөз етті.

Жасанды интеллект жалған контент жасауды едәуір жеңілдетті. Мұндай жалған материалды санаулы минуттың ішінде әзірлеп, жариялауға болады. Ал оны кәсіби түрде тексеріп, дәлелді түрде жоққа шығару әлдеқайда көп уақытты талап етеді. Сондықтан әлеуметтік платформалардағы жалған ақпаратқа бақылауды күшейту бүгінде жаһандық үрдіске айналып отыр. Бұл үрдіс жасанды интеллект цифрлық ортаның толыққанды бөлігіне айналмай тұрып-ақ қалыптаса бастаған еді. Өйткені әлеуметтік желілер мен цифрлық платформалар көршілес елдердің медиакеңістігін өзара тығыз байланыстырады. Сондықтан тұрақты сындарлы диалог орнатып, тәжірибелік шешімдерді бірлесіп әзірлеу үшін бірге жұмыс істеуіміз маңызды, – деді Қанат Құлшыманов.

Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешенінің бас директоры Раушан Қажыбаева өз сөзінде Қазақстанды жаңғыртудың басты бағыттарының бірі – жаңа Конституцияның қабылданып, күшіне енуі болғанын атап өтті.

Негізгі заң адам мүддесіне негізделген. Ол адамның құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін кеңейтіп, азаматтардың мемлекет өміріне қатысу мүмкіндігін арттырды. Алғаш рет Конституция деңгейінде зияткерлік меншікті қорғау, азаматтардың цифрлық құқықтарына, оның ішінде дербес деректерді қорғау мен цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге кепілдік беретін нормалар бекітілді. Бұл ережелер медиа саласын, цифрлық журналистиканы және ақпараттық ынтымақтастықты жаңа даму кезеңінде ілгерілетуге арналған заманауи құқықтық негізді қалыптастырады, – деп атап өтті Раушан Қажыбаева.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов Қазақстан–Ресей медиафорумы екі ел арасындағы дәстүрлі кездесулердің біріне айналғанын және алдағы уақытта да өзара сенімді нығайтуға, кәсіби диалогты дамытуға әрі Қазақстан мен Ресейдің мүддесіне сай жаңа бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға ықпал ететінін айтты.

Біздің жұмысымыздың басты мақсаты – тарихи, мәдени және экономикалық байланыстарды нығайту, сондай-ақ өзара қарым-қатынастың тікелей арнасын сақтау болуы тиіс. Біз өзара тиімді ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне өтіп, бірлескен жобаларды жүзеге асыруымыз қажет, – деді Қанат Ысқақов.

Жиын қорытындысында қатысушылар кәсіби диалогты жалғастыру, бірлескен медиажобаларды дамыту және жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл бағытындағы жұмысты үйлестірудің маңызын атап өтті.