Жасанды интеллект пен цифрландыру: Қазақстан мен Жапония тәжірибе алмасты
Қазақстан тарапы білім беру саласын цифрландыру бағытында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар туралы баяндап, заманауи технологияларды оқу үдерісіне енгізу тәжірибесімен бөлісті.
Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Токио білім беру кеңесінің бас директоры Масахико Сакамото бастаған жапон делегациясымен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар мектептегі білім беру жүйесін дамыту, оқу үдерісін цифрландыру, жасанды интеллект технологияларын енгізу, педагогтерді даярлау және оқушылардың практикалық дағдыларын қалыптастыру мәселелерін талқылады.
Қазақстан тарапы білім беру саласын цифрландыру бағытында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар туралы баяндап, заманауи технологияларды оқу үдерісіне енгізу тәжірибесімен бөлісті. Әсіресе жасанды интеллектті білім беру жүйесінде пайдалану, мұғалімдерді даярлау және олардың әкімшілік жүктемесін азайтуға арналған цифрлық шешімдерге ерекше назар аударылды.
Тараптар сондай-ақ сапалы білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету, оқушылардың цифрлық құзыреттерін дамыту және технологиялардың қарқынды дамуы жағдайында білім беру жүйесін жетілдіру мәселелерін талқылады.
Өз кезегінде Токио білім беру кеңесінің өкілдері Жапонияның білім беру жүйесіндегі тәжірибелермен бөлісті. Атап айтқанда, бейіндік оқытуды дамыту, оқушыларға кәсіптік бағдар беру және еңбек дағдыларын қалыптастыру бағытындағы жұмыстар таныстырылды. Жапонияда жоғары сынып оқушылары өндіріс, бизнес, агроөнеркәсіптік кешен, машина жасау және ақпараттық технологиялар салалары бойынша білім алып, болашақ мамандықтарына ерте бейімделеді.
Сонымен қатар жапон мектептерінде оқушылардың жауапкершілігін арттыруға, еңбек мәдениетін қалыптастыруға және практикалық дағдыларын дамытуға ерекше көңіл бөлінетіні атап өтілді.
Кездесу барысында цифрлық қауіпсіздік, дербес деректерді қорғау және білім беру үдерісінде заманауи технологияларды тиімді пайдалану мәселелері де сөз болды.
Кездесу қорытындысында тараптар мектептегі білім беру мен инновациялық технологиялар саласындағы тәжірибе алмасуды жалғастырып, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екендерін жеткізді.