Жасанды интеллект пен дрондар: Астанада заманауи криминалистика көрсетілді

Астанада «Заманауи криминалистикалық шешімдер» атты криминалистикалық техника бағдарламасы өтті. Іс-шара 2026 жыл – Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында Астана қаласы Полиция департаментінің ұйымдастыруымен өткізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бағдарламаның негізгі мақсаты – құқық қорғау органдарының қызметінде заманауи ғылыми-техникалық құралдар мен цифрлық шешімдерді қолдану мүмкіндіктерін көрсету, криминалистиканың жаңа бағыттарымен таныстыру және оның тәжірибелік әлеуетін арттыру.

Бағдарлама барысында криминалистика саласында қолданылатын заманауи ғылыми-техникалық құралдардың таныстырылымы өтті. Қатысушыларға оқиға орнында криминалистердің жұмыс істеу тәртібі көрсетіліп, жылжымалы криминалистикалық зертхананың мүмкіндіктері таныстырылды, - деп хабарлады қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар магнитооптикалық құрылғылар арқылы қаруда жойылған нөмірлік белгілерді қалпына келтіру, аудиожазбаларға криминалистикалық сараптама жүргізу және медиа деректерді өңдеуге арналған аппараттық-бағдарламалық кешендердің мүмкіндіктері ұсынылды.

Бағдарлама аясында ұшқышсыз ұшу аппараттары мен суасты дрондарын пайдалану, қылмыс орнын үшөлшемді форматта тіркеуге арналған камералар, газдарды, есірткі, жарылғыш және өзге де химиялық заттарды анықтайтын портативті анализаторлардың жұмысы көрсетілді.

Іс-шара заманауи криминалистиканың әлеуетін кеңінен таныстырып, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні құқық қорғау органдарының қызметіне тиімді енгізудің маңыздылығын айқын көрсетті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Астана қаласы Полиция департаменті
Өзгелердің жаңалығы