7 Қазан 2026, 10:06 Фото: ©BAQ.KZ/Аида Батухан

Жасанды интеллект пен дін: Әлемдік дін көшбасшылары Астанада бас қосты

Отырысқа 20 елден дін көшбасшылары, сарапшылар мен халықаралық ұйым өкілдері қатысуда.

Елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының XXIV отырысы басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Әлемдік дін көшбасшылары Астанада жасанды интеллект пен климат мәселесін талқылайды деп күтілуде. Айта кетерлігі, халықаралық диалог алаңына әлемдік және дәстүрлі діндердің көшбасшылары мен өкілдері, халықаралық ұйымдардың басшылары, мемлекеттік органдардың өкілдері және сарапшылар қатысады.

Күн тәртібінде жасанды интеллектіні діни салада қолдану этикасы, климаттың өзгеруі және жазылмайтын ауруға шалдыққан балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бар. Әлемдік және дәстүрлі діндер өкілдерін, халықаралық ұйымдар басшыларын, мемлекеттік органдар өкілдері мен жетекші сарапшыларды біріктіретін халықаралық диалог алаңына айналып отыр. 

Іс-шараға 20 елдің өкілдері қатысуда. Диалог барысында ислам, христиандық, иудаизм, индуизм, буддизм, даосизм, синтоизм және бахаи діні өкілдері бас қосады.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі – екі халықаралық құжатты қарау және қабылдау. Олар – «Діни салада жасанды интеллектіні қолдану этикасы кодексі» және «Климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі діндердің рөлі» құжаты.

Бұл құжаттарды әзірлеу туралы бастаманы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезінде көтерген. Бастамаға съезге қатысушылар қолдау білдірген.

Сонымен қатар жиынның күн тәртібіне «Жазылмайтын ауруға шалдыққан баланың құқықтары хартиясы» жеке мәселе ретінде енгізіледі.

Құжатта жазылмайтын ауруға шалдыққан балалардың қадір-қасиетін қорғау және оларға ізгілікпен қарау қажеттігіне басымдық берілген. Сондай-ақ баланың қажетті медициналық және психологиялық көмек алуға құқығы атап көрсетіледі.

Хартияда бала немесе оның заңды өкілдері қалаған жағдайда, оның діни және рухани қажеттіліктерін ескеретін қолдау көрсету мәселесі де қарастырылған.

Осылайша, халықаралық диалог алаңында технологияның дамуы, қоршаған ортаны қорғау және адам құқықтары секілді өзекті мәселелер діни қауымдастықтардың ұстанымдары тұрғысынан талқыланады.