Қазақстан мұнайын енді жасанды интеллект басқарады
ЖИ мұнай-газ саласында өндірісті оңтайландырып, миллиардтарды үнемдеуге жол ашады.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Үкімет отырысында мұнай-газ саласына жасанды интеллект енгізіліп жатқанын мәлімдеп, цифрлық шешімдердің айтарлықтай экономикалық тиімділік беріп отырғанын түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында министрлік отын-энергетика кешеніне жасанды интеллект енгізіп жатыр. Бұл жұмыс энергетика, мұнай-газ және көмір өнеркәсібін қоса алғанда, барлық негізгі бағыттарды қамтиды. Осы мақсатта халықаралық компаниялар мен IT-әзірлеушілердің қатысуымен AI-альянс құрылған.
Отандық әзірлеушілерді қолдауға ерекше назар аударылып отыр: Astana Hub резиденттерінің бірқатарымен салада жасанды интеллект шешімдерін бірлесіп сынақтан өткізу және енгізу жөнінде меморандумдарға қол қойылды. Қазіргі таңда 45 жобадан тұратын жасанды интеллект портфелі қалыптасты. Оның ішінде 10 жоба сараптама кезеңінде, енгізу сатысына жақындап қалды. (...) Алғашқы мысал – мұнай өндіру саласында жасанды интеллектті іс жүзінде қолдану. Әңгіме ұңғымаларды онлайн режимде бақылайтын зияткерлік жүйе туралы. Пилоттық жоба аясында қазірдің өзінде 4 мыңнан астам ұңғыма осы жүйенің бақылауында, – деп атап өтті Ерлан Ақкенженов.
Оның сөзінше, жүйенің негізгі міндеті – ұңғымалардың өндірістік көрсеткіштерін нақты уақыт режимінде талдау.
Жасанды интеллект проблемалы учаскелерді анықтайды, жоспарлы көрсеткіштерден ауытқуларды тіркейді, өндіру көлемін болжайды және мамандарға тиімді шешім қабылдауға көмектеседі. Пилоттық енгізу “АО Мунай”, сондай-ақ бірқатар жер қойнауын пайдаланушылар базасында жүзеге асырылды. Күтілетін нәтиже – ұңғымалардың бос тұру уақытын 20%-ға дейін қысқарту және жылына 1 млрд теңгеге дейін экономикалық тиімділікке қол жеткізу. Бұл жоба жасанды интеллекттің өндіріс тиімділігін арттыруға, шығындарды азайтуға және мұнай активтерін дәлірек басқаруға нақты құрал бола алатынын көрсетеді, – деді спикер.
Министрдің мәлімдеуінше, келесі мысал – мұнай өнімдерінің айналымын талдауда жасанды интеллектті қолдану.
Жүйе нарық қатысушыларынан келетін цифрлық деректерді біріктіреді. Олардың қатарында "ҚазМұнайГаз" мұнай өңдеу зауыттары, “Қазақстан темір жолы”, Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті, мұнай базалары және өзге де дереккөздер бар. Жасанды интеллект мұнай өнімдерінің қозғалысын талдап, өңірлер бойынша қор көлемін болжайды және артық жиналып қалу немесе тапшылық тәуекелдерін алдын ала анықтауға көмектеседі. Бұл жеткізуді нақты жоспарлауға, логистиканы үйлестіруге және басқарушылық шешімдерді дер кезінде қабылдауға мүмкіндік береді. Күтілетін нәтиже – жоспарлау дәлдігін 85%-ға дейін арттыру және жылына 22,5 млрд теңгеге дейін экономикалық тиімділікке қол жеткізу, – деп түсіндірді министр.
Сондай-ақ Ақкенженов кен орындарын басқаруға арналған жасанды интеллект платформасының енгізіліп жатқанын айтты. Қазір ол "ҚазМұнайГаздың" 12 кен орнында қолданылып, мұнай өндіруді оңтайландыруға мүмкіндік беріп отыр. Айта кетерлігі, күтілетін экономикалық тиімділік – 2030 жылға дейін қосымша 2,864 млн тонна мұнай өндіру есебінен 326,3 млрд теңгеге дейін мөлшерді құрайды.