21 Тамыз 2026, 03:28 Фото: depositphotos.com

Жасанды интеллект экономикаға қалай әсер етеді? – ХВҚ экономисі ескерту жасады

Әдетте өнімділіктің артуы бірдей ресурс көлемімен көбірек тауар мен қызмет өндіруге мүмкіндік беретіндіктен, бағаның төмендеуіне ықпал етеді.

Жасанды интеллектіні кеңінен енгізу экономикалық өнімділікті арттырғанымен, инфляцияның төмендеуіне міндетті түрде әкелмеуі мүмкін. Бұл туралы Халықаралық валюта қорының жаңа бас экономисі Сильвана Тенрейро бірлескен зерттеуінде мәлімдеді, деп хабарлайды Reuters.

Әдетте өнімділіктің артуы бірдей ресурс көлемімен көбірек тауар мен қызмет өндіруге мүмкіндік беретіндіктен, бағаның төмендеуіне ықпал етеді. Алайда зерттеушілер жасанды интеллект жағдайында оның әсері басқаша болуы мүмкін екенін айтады.

Тенрейро, Англия банкінің экономисі Дженни Чан және зерттеуші Людовика Амбросиноның пікірінше, жасанды интеллект инфрақұрылымына салынатын инвестициялар мен тұтынушылық шығындар өнімділіктің нақты өсімінен бұрын артуы мүмкін.

Егер инвестициялық сұраныс пен шығындар жасанды интеллектіден күтілетін экономикалық тиімділік байқалғанға дейін күрт өссе, бұл ұсыныс тапшылығына әкеліп, инфляциялық қысымды күшейтуі ықтимал. Мұндай жағдайда орталық банктерге пайыздық мөлшерлемелерді көтеру қажет болуы мүмкін.

Зерттеуде деректер орталықтарына сұраныстың өсуі компьютерлік жад пен графикалық чиптердің бағасын айтарлықтай қымбаттатқаны мысал ретінде келтірілген. Бұл өз кезегінде смартфондар, ноутбуктер және басқа электроника бағасына әсер етеді.

Жасанды интеллектінің инфляцияға ықпалы өнімділік қай салада өсетініне де байланысты. Қызмет көрсету секторындағы өнімділіктің артуы ішкі инфляцияны төмендетуі мүмкін. Ал экспорттық салалардағы өнімділіктің өсуі жалақы мен ішкі сұранысты арттырып, керісінше бағаның өсуіне ықпал етуі ықтимал.

Зерттеу Англия банкінің Bank Underground блогында жарияланды. Ондағы тұжырымдар Англия банкінің ресми ұстанымын білдірмейді.

Тенрейро 2017-2023 жылдары Англия банкінің Ақша-несие саясаты комитетінің мүшесі болған. Зерттеуді әзірлеуге ол Лондон экономика мектебінің профессоры ретінде қатысқан.