25 Тамыз 2026, 11:46 Фото: ©️ ЖИ: BAQ.KZ

Жасанды интеллект дәуірінде шығармашылықтың тағдыры қандай болмақ? Сарапшы түсіндірді

Сарапшының пікірінше, жасанды интеллект пен адамның шығармашылық еңбегі арасындағы шекараны ажырату барған сайын қиындап барады.

Жасанды интеллекттің қарқынды дамуы шығармашылық мамандықтардың болашағына қатысты түрлі пікірталастарды күшейтті. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының үрмелі және ұрмалы аспаптар кафедрасының оқытушысы Арман Исалиевтің айтуынша, технология қанша жерден жетілсе де, шығармашылық шешім қабылдайтын басты тұлға адам болып қала береді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Оның пікірінше, жасанды интеллект пен адамның шығармашылық еңбегі арасындағы шекараны ажырату барған сайын қиындап барады.

Жасанды интеллектіні шығармашылық тұлғаның орнын басатын құрал ретінде емес, көмекші құрал ретінде қабылдаған дұрыс. Ал адам – шығармашылық идеяны қалыптастыратын негізгі тұлға болып қала береді, – деді Арман Исалиев.

Маман бұл пікірін музыка жасау үдерісі арқылы түсіндірді. Оның айтуынша, жасанды интеллект көптеген музыкалық нұсқаларды ұсына алады, алайда олардың ішінен көркемдік идеяға сәйкес келетін шығарманы таңдау кәсіби музыканттың құзырында.

Жасанды интеллект бізге ондаған нұсқа бере алады. Бірақ солардың арасынан көркемдік мақсатқа сай келетінін тек кәсіби білімі мен тәжірибесі бар адам ғана анықтай алады. Меніңше, адам мен жасанды интеллект арасындағы шекара дәл осы жерде өтеді, – деді ол.

Арман Исалиев қазіргі жағдайда ең маңызды міндеттердің бірі технология мен шығармашылық арасындағы тепе-теңдікті сақтау екенін атап өтті.

Оның сөзінше, бұл мәселеде кәсіби білімнің маңызы арта түседі. Өйткені шығарманың көркемдік құндылығын бағалап, соңғы шешімді қабылдайтын маман – арнайы дайындықтан өткен адам.

Болашақта тек өз аспабыңда жақсы ойнай білу жеткіліксіз болуы мүмкін. Музыкант жаңа технологияларды меңгеріп, жасанды интеллектпен жұмыс істей алуы керек. Сонымен қатар өзінің жеке шығармашылық стилін қалыптастыруы өте маңызды болады, – деді оқытушы.

Ол сондай-ақ білім беру жүйесіндегі ұстаздардың рөлі де өзгеріп жатқанын айтты.

Қазір оқытушыдан тек білім беру ғана талап етілмейді. Ол студентті дербес ойлауға, шығармашылық шешім қабылдауға және кәсіби білімін пайдалана отырып талдау жасауға үйретуі тиіс, – деп атап өтті Арман Исалиев.

Оқытушының айтуынша, консерваторияда жасанды интеллект технологиялары түрлі бағыттарда біртіндеп енгізіліп жатыр. Әсіресе композиторлар бұл мүмкіндікті белсенді пайдалана бастаған.

Сонымен қатар ол жасанды интеллектіге қатысты ең күрделі мәселелердің бірі авторлық құқық екенін айтты.

Жасанды интеллектіні оқыту барысында бұрын жасалған шығармалар жиі пайдаланылады. Сондықтан автордың рұқсаты алынды ма, жасанды интеллект көмегімен жасалған туындының авторы кім болып саналады деген сұрақтар туындайды, – деді ол.

Арман Исалиевтің пікірінше, бұл бағытта әлемдік тәжірибе әлі де бірізді емес. Кейбір елдер мұндай туындыларға авторлық құқықты мойындаса, кейбір мемлекеттер мойындамайды.

Тағы бір маңызды мәселе – шығармашылық өнімге адамның нақты қаншалықты үлес қосқанын анықтау. Бұл сұрақтың әзірге нақты жауабы жоқ. Заңнама көп жағдайда жасанды интеллектінің даму қарқынына ілесе алмай жатыр, – деп түйіндеді маман.