Адам бәрін жоғалтады, тек білімді ешкім тартып ала алмайды – жас геодезист

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Ерасыл Қошанов 1994 жылы 10 мамырда Қарағанды облысы, Жаңарқа ауданы, Атасу кентінде дүниеге келген. 2016 жылы Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің «геодезия және картография» мамандығын үздік тәмамдаған. Бүгінде ол – «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері.  Жас геодезист мамандығы, қазақстандағы геодезия саласы, жастардың амбициясы және алдағы жоспарлары туралы ойымен бөлісті.  


Геодезия мен архитектураның бірін таңдау керек болды

Бұл мамандықты бірден таңдай қоймадым, алдымда не геодезияны, не архитектураны таңдау тұрды. Анам архитектураға, ал әкем жерге орналастыру саласына жақын болды. География пәнінде жалғыз техникалық мамандық геодезия және картография еді. Ақылы бөлімге түстім, бірінші семестрді үздік аяқтап грантқа ауыстым. Болашақта 20-30 жыл осы мамандық мені асырайтынын түсіндім. География сүйікті пәнім болған соң мектеп бағдарламасынан көп нәрсе білдім. Мектеп кезінен геодезист көмекшісі ретінде жұмыс тәжірибем болды. Тахеометр, левеллерлер, GPS мен үшін таныс құралдар еді және оларды қолдану қиынға соқпады. Теориялық есептеу, геодезиялық тапсырмалар, фотограмметрия, жалпы геодезия, жоғары геодезия, қолданбалы геодезия секілді пәндер де білімімді шыңдауға көмектесті. Сабақта отырып үй тапсырмасын орындап тастайтынмын, үйге барып жасаған кезім тіпті есімде жоқ.


Жай ғана бір жапырақ қағазды алу үшін төрт жылын босқа өткізетіндер көп

Мамандық таңдайтын кезде оқушыларға әртүрлі факторлар әсер етеді. Бұл барлық мамандықта бар. Біреулер ата-анасының айтқанын тыңдайды, енді бірі грант көп болған соң таңдайды. Себебі бүгінде техникалық мамандықтарға мемлекеттен көп грант бөлінеді. Бізге қазір техник мамандар керек. 90-жылдардың соңы мен 2000-жылдары елімізде бәрі заңгер, экономист боламын деген соң қазір олар көп, ал қазір технарлар жетпейді. Оқуға қабылданарда 300-ден астам техникалық мамандықты таңдауға болады. Талапкерлер болса төрт мамандықты таңдап, қайсысына балл жетсе, соған түседі. Кейбіреулер жақсы мамандық екенін түсініп әрі қарай жұмыс істейді, кейбіреулер диплом алсам болды дейді. Олар бәрін беске оқуы мүмкін, бірақ маман сапасы бағамен өлшенбейді. Оқиды, диплом алады, әрі қарай басқа салаға ауысып кетеді. Университетте бір жапырақ қағаз алу үшін төрт жылын босқа өткізетіндерді көрдім. Мен бұған әсер ете алмаймын. Бұл әр адамның бейсанасына байланысты. Ондай адамдар болған, бола береді де. Болашақта олардың саны аз болады деп үміттенемін. Студенттің қызығушылығын ояту оқытушыға да тәуелді. Әрине, студенттің өзіне байланысты десек те оқытушының да үлесі бар.

Студент кезімнен өндіріске араластым


Екінші курстан инженер болып жұмыс істей бастадым. Сол жылы өндірістік практикамды кеніштен өттім. Олар мені жұмысқа алып қалды. Оқу басталған соң жұмысты қойып, ең бірінші оқып алайын деп шештім. Әскери кафедрада оқыдым. Содан соң тағы да өндірістік практикадан өтуім керек еді. Мені «Жалын» разрезі жолға шақырды. Жаңа нәрсені байқап көру үшін, ой-өрісім кеңейіп, маман ретінде дамуым үшін геодезист ретінде жолға бардым. Төртінші курста диплом жазып, оны қорғап шыққанға дейін жолда жұмыс істедім. Бұл компанияда экономикалық жағдай өзгеріп, жалақыны кешіктіре бастады. Өзіме сенімді әрі тұрақты жұмыс табуым керек деп шештім. Сөйтіп бұрыннан ойлап жүрген Астанаға келіп жұмыс іздеуге кірістім. Қазір жұмыс істейтін компанияға сол кезде 3D сканерлеуді үйренетін, өзінен кейін локомотивті алып кететін маман керек болды. Нарықта 3D сканерлеу технологиясын меңгерген маманның жоқтығынан олар жаңадан келген маманды оқытуға дайын болды. Маған да жақсы мүмкіндік еді. Сұхбаттасу ағылшын тілінде өтіп, осы салада жинаған білімімді көрсетуге тырыстым. Сөйтіп мені жұмысқа алды.

Геодезияда 3D сканерлеу не үшін қолданылады?

3D сканерлеу – лазерлік технологиямен қатар дамып, өткен ғасырда пайда болған технология. Лазерлік сәуле нысанды түсірген соң координаттарын сақтап, сөйтіп ондаған, жүздеген миллион нүктені біріктіріп бір картина жасап шығарады. 3D сканермен үйден бастап, шахтаға дейін кез келген нәрсені түсіруге болады. Батыста өте кеңінен қолданылады, әсіресе геодезияда. Бұл технология кез келген құрылыста, кез келген кен орнында дирижер рөлін атқарады. Ең бірінші нысанды түсіріп алып содан кейін іс жүзінде жүзеге асқан жобаның өзінен айырмасы болмауын қадағалаймыз. Кез келген жағдайда айырмасы болады, дегенмен белгілі бір рұқсат нормасына сәйкес келуі тиіс. 3D сканерлеумен далада жұмыс істеу өте жеңіл. Маман келіп сканерді тиісті орынға қояды да, оны қосып қанша нүктені, нені түсіру керек, соны сканерге енгізеді. Құрылғы түсірілген нысанның 100% көшірмесін жасап береді. Стандартты әдістерге қарағанда осы технологиямен 100% нақты түсірілім жасауға болады.
Қазақстанда 3D сканердің нақты санын білмеймін. Кейбір университеттерде бар, бірақ ол толық пайдаланылмайды. Ынта болса үйренуге, пайдаға жаратуға болады. Қажеттілік деп қарайтын жеке фирмалар бар, бірақ бәрінің бірдей сатып алуға қаржысы жете бермейді. Құрылғы ең арзан дегенде 5-6 млн теңге тұрса, кейбірі 40-60 млн теңге, 300-400 мың доллар тұрады. Еуропа, Америкада мыңдап болса, бізде әзірше он шақтысы бар шығар. Нарықта осы технологияны енгізу үшін жұмыс істеп жатырмыз, 7-10 жылда толық қамтылады деп ойлаймын. Нарық өзгеріп жатыр. Он жыл бұрын электронды тахеометрлер мен gps жаңалық болып көрінетін, қазір онымен ешкімді таңғалдыра алмайсың. 3D сканерлеу де солай болады деп ойлаймын. Геодезия саласында 3D жобалау жасайтын болсақ, оны 3D-мен тексеруің керек. 3D жобалау мен 3D сканерлеу бір-бірімен қатар жүреді.

Жаңа технологияны толық меңгеру үшін шетелдік курстарда оқыдым


3D сканерлеу бағдарламасы ағылшын тілінде және алғашында бәрі қиын болды. Технологияның өзі бізге жақсы таныс емес еді. Себебі университетте құрал болғанымен бізге оның мүмкіндіктерін толықтай көрсеткен жоқ. Қымбат жабдық болған соң музейдегі экспонат секілді тұрды. Сонда да әртүрлі сайттарды ақтарып, YouTube-тан видео көріп, ағылшын тілінде оқулықтар оқып үйрендім. 3D сканерлеу технологиясын жақсы меңгеруім үшін компания мені Мәскеуге оқуға жіберді. Одан кейін Санкт-Петербургке бардым, бұл менің жеке ынтам болды. Себебі білімімді арттыруды қаладым, жолдаманың жартысын өз қалтамнан төледім. Батыстан сәл-пәл қалса да Ресейде бұл сала жақсы деңгейде, үйренгенім көп. Енді мен өзімді нағыз маманмын деп айта аламын. Қазақстанда мұндай мамандар көп емес, өзімді солардың бірі деп санаймын. Осы компанияда жұмыс істеп жүріп көптеген кен орында, зауыттарда, әртүрлі құрылыс алаңдарынан адамдардың амбициясын байқадым. Иә, кертартпа көзқарастар бар, дәстүрлі әдіс бар кезде неліктен 3D сканерлеу қолданады деп түсінбейтіндер де табылады. Сонда да біздің Үкіметтің, кәсіби мамандардың арқасында бұл сала біршама алға жылжып келеді.
Геодезия саласында қиындықтар әртүрлі сипатта болуы мүмкін. Мысалы техникалық, бір құрал сынып қалады, бағдарламада қандай да бір қате кетеді, десе де мұның бәрін жеңуге болады. Кейін мұндай келеңсіздіктерді кәдеңе жарата аласың. Кейде стандартты әдіспен шешуге болмайтын мәселелер бар. Осындай кезде тапқырлығыңды қосып, оны шешудің бірегей әдісін табуың керек. Бастысы, қорықпай батыл болсаң, кез келген мәселе шешіледі.

«Болашақпен» АҚШ-қа оқуға түстім


Өз амбициямды, ынтамды жоғалтып алмау үшін жаңаны үйренгім келді. Сөйтіп 2017 жылы «Болашақ» халықаралық стипендиясын жеңіп, АҚШ-қа оқуға түстім. Бағдарламаға қатысуды бұрыннан жоспарласам да, кенеттен шешім қабылдадым. Тез-тез құжаттарымды жинап, тапсырдым. Былтыр құжат қабылдау мерзімін бір айға ұзартқаны жақсы болды, себебі екі жылдық жұмыс өтілім тамызда аяқталатын еді. Бірінші жыл тапсырғанда бұл мен үшін дайындық ретінде болады деп ойладым. Сөйтсем өзімді дұрыс бағаламаппын, емтихандардың бәрінен оңай өтіп, стипендия жеңіп алдым. Астанада үш айлық ағылшын курсын бітірдім. Курс ағылшынымды әжептәуір көтерді. АҚШ-тағы Пенсильвания университетінің тіл курсын таңдадым, себебі онда TOEFL, General English емтихандарына жақсы дайындайды. Ол жердегі орта білім алуға бейімделген, алаңдайтын факторлар жоқ, ауа райы да жақсы.

«Болашақтан» кейінгі болашақ жоспарлар


Америкадан елге келген соң өз саламда жұмыс істеп, мүмкін университетте дәріс оқимын. Өз тәжірибеммен, біліміммен бөліссем деймін. Елімізде геодезия саласының тамыры кеңес кезеңнен басталады, ал АҚШ-та бұл сала басқаша дамыған. Ол жақтан алатын бұрын естіп-білмегенді үйренемін деп ойлаймын. Осында оқитын студенттерге сол жақтан оқып келген барлық ноу-хау технологияларды үйретсем деймін. Дегенмен де АҚШ пен батыс осы салада бәрібір алда тұр, біз қалып келеміз. Бұл уақытша және одан қорқудың қажеті жоқ, мұны қабылдап осы мәселені шешуге ұмтылу керек. Осы салада серпіліс болу үшін аз да болса өз үлесімді қоссам деймін.
Қазір жұмыс істеп жатқан компаниямен үшжақты шарт бар. Қандай жағдай болмасын осы салада жұмыс істеймін. Ата-анам мемқызметкер, мен де осы салада жұмыс істеп көргім келеді. Бұл жай ғана ой, жоспар емес. Мұндай ой болашақта жүзеге асыруға бола ма, жоқ па соны анықтау үшін керек.
АҚШ-та теориялық білім алып қана қоймай, нақты жағдайда практикадан өткім келеді. Германияда «Болашақпен» оқып келген досым бір жыл қателеспесем BMW зауытында жұмыс істеп, өте құнды білім жинады. Ол білімді бұл жерден алмас еді, бәлкім. Сол жақтан үйренгенін қазір Қазақстанға беріп жатыр. Маған да рұқсат берсе, осындай мүмкіндік болса мен де практика жүзінде тәжірибеден өтуді қалаймын.
40 жасымда жағдайы жақсы, мемлекет үшін, қоғам үшін пайдасы бар рухани дамыған тұлға болсам деймін. Жасаған әрбір ісім айналама септігі тисе екен деймін. Лектор болу ақша үшін емес, тіпті тегін болса да дәріс бергім келеді. Білімім әзір жетпесе де, моральдық тұрғыдан дайынмын.

Қызметтің соңына түспей, өзімді дамытқым келеді


Карьералық өсу мен үшін маңызды рөл ойнамайды. Маған өз-өзімді дамыту мен жетілдіру әлдеқайда жоғары. Адам ретінде, маман ретінде жетілсем, өте мықты болсам қалғаны өз уақытымен келеді. Қызметке ұмтылмаймын, бұл мен үшін бос нәрседей көрінеді. Жұмыста қызметімді көтермек болды, бірақ одан бас тартып «Болашаққа» түсемін деп шештім. Қандай да бір қызмет, карьералық амбицияларым, орасан зор жоспарларым бар, оларды жүзеге асыру үшін ең алдымен қазіргі сәтте сапалы білім алуға тиіспін. Сол себепті қызметтің соңына түспей білім аламын деп шештім.
Ақшаға құрал деп қана қараймын. Ақша керек, бірақ ұмтылатыным ол емес. Қызыққанымда қызметімді өсіру туралы ұсынысты қабылдап, осында қалар едім. Менің мақсатым - бұл емес. Шетелде білім алу үшін, үлкен жетістікке жету үшін қиын жолмен жүремін деп шештім. Өзімді жетілдіру менің білімді приоритетке қою тәрбиеме байланысты шығар. Отбасымда ең бастысы білім деп үйретті. Ата-анам екеуі де қарапайым адамдар, көпбалалы отбасыдан шыққан, өз тәжірибелерімен, өз күштерімен көтерілген. Олар қазіргі жетістіктеріне тәжірибесі мен білімі арқылы жетіп, маған білімнің қаншалықты маңызды екенін көрсетті.
Адам өмірде ақша, байлық, атақ, қызмет, бәрін де жоғалтуы мүмкін. Алайда өмір бойы жинаған біліміңді сенен ешкім де тартып ала алмайды. Осының арқасында сен көптеген жетістікке, биікке жете аласың. Білімді болсаң тұлға ретінде, маман ретінде дамып, карьералық жолыңды жасай аласың. Сол себепті мен білімді таңдадым.

Қазіргі хоббиім – ағылшын тілі, оқитыным – тарихи кітаптар


Хоббиім жоқ, шыны керек. Оқушы, студент болған кезде кітап оқуды жақсы көрдім. Қазір де солай, ағылшын тіліндегі кітаптарды оқимын. Ол кезде айналысатын ісім көп болды, гитара тарттым, денім сау болсын деп жаттығу залына, әртүрлі секцияларға, бокс, дзюдоға барып жүрдім. Әртүрлі биге қатысу үшін Қарағандының мәдениет үйіне баратынмын. Университетте оқып жүргенде бос уақытым болмасын деп тек пайдалы іспен айналысқым келді.
Тарихи кітаптарды оқығанды ұнатамын. Шыңғысхан, Әмір Темір, Бейбарыс Сұлтан, Тұмар секілді әскери, тарихи тұлғалар туралы кітаптарды оқыдым. Соңғы оқығаным Бауыржан Момышұлы туралы «Волоколамск тас жолы» шығармасы. Бірнеше елдегі офицерлердің ұсынысы бойынша үздік кітаптар қатарына енгені туралы мақалын көзім шалды. Шығарманы оқыған соң патриотизм рухы, отаныңа деген сүйіспеншілік арта түседі. Сонымен бірге фэнтези жанрындағы кітаптарды оқимын, мысалы Толкиннің шығармаларын. Стандартты әдебиетті сирек парақтаймын. Мен үшін бәрібір де тарихи жанр қызықты, жаныма жақын.

Қазіргі жастар бұрынғы буынға қарағанда ерекше

Қазақстан жастарының басым бөлігі ақылды, олар бұрынғы буынға қарағанда өзгеше. Олар мақсат қойып, оған жетуге болатынын, зиянды әдеттерге әуестенбеуді біледі. Бірақ бәрі бірдей олай емес. Менің ойымша біздің жастар алдына белгілі бір мақсат қойып, соған жетуге ұмтылуы тиіс. Мамандықты таңдайтын кезде де неге жеткісі келеді, соны нақты түсінуі керек. Сол кезде табысқа жетуге болады. Егер өзіне не керегін білмесе алға жылжу болмайды. Алдымда не күтіп тұрғанын білмесем де, өзімнің қайда, неге ұмтылатынымды нақты түсінемін. Көз алдымда оқушы кезден картина бар, соған кейде кішкене адымдармен, кейде секіріп болсын жетемін. Меніңше, оқуда болсын, жұмыста болсын жастар нені қалайтынын анықтап, әрі қарай өзін дамытатын болса табысты болады.

Қазақстанның әлеуетін жоғары бағалаймын


Менде оптимистік көзқарас болса да, 90-жылдары халықтың жағдайы нашар болды. Қазір әлдеқайда жақсы, жеткен жетістігіміз де көп. Дағдарыс, мұнай бағасының түсуі, шикізаттың төмендеуі секілді қазіргі қиындықтар бір жағынан біз үшін жақсы. Осындай қиындықтардан соң біз мұнайға ғана қарап қалмауды, ресурстарды ғана шамалап отырмауды, өндірісті дамыту керегін түсіндік. Көршіге сатқан шикізаттан жасалған дайын өнімді он есеге сатып алғаннан өзіміз дайын өнім өндіру тиімді екенін білеміз. Болашақ жасыл энергетикамен байланысты, егер мұны дәл қазір қабылдамасақ бізде басқа таңдау жоқ. Елдегі қалпына келмейтін ресурстар ерте ме, кеш пе таусылады. Өндіріс дамып жатыр, бірақ жоғары дамыған өндірістің болғаны да керек емес, себебі ол экологиялық проблемаларға алып келеді. Қыста Теміртаудағы қара түсті қар естеріңізде болар. Бұл да ойланатын мәселе. Зауыт салатын болсақ оның қоршаған ортаға зияны аз болуы тиіс. Экономикалық дамумен қатар экологиялық проблемаларды шешуді назардан тыс қалдырмауға тиіспіз. Маман ретінде, Қазақстан азаматы ретінде жер эрозиясы проблемасы алаңдатады. Жыл өткен сайын топырақтың құнарлылығы азайып, шөлге айналу процесі жүріп жатыр. Сумен қамтамасыз ету мәселесі де бар. Бұл саланың маманы емеспін, білімді, мәселені шешуге қауқары бар адамдар бар. Аграрлық сектор да жақсы дамып жатыр. Қазіргі таңда аграрлық мемлекет болу ұят емес. Өз-өзіңді азық-түлікпен қамтамасыз ету, сонымен бірге шетелге өнімдер шығарудың өзі зор жетістік. Қазақ халқы мал шаруашылығының маманы болған соң бұл саланың да әлеуеті жоғары.
Осы ресурстарымызбен, мүмкіндіктерімізбен дұрыс бағытта жүретін болсақ, отыз елдің қатарына ғана емес, мүмкін 10-дыққа кіреміз. Ел әлеуеті өте жақсы. Территориямыз үлкен, ресурс көп. Ендігі кезекте халықтың білімін көтеруге жұмыс істеу керек. Құрылыста, жаңа жобаларда сырттан мамандар алып келеміз. Бұлай болмас үшін Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақ» халықаралық бағдарламасын бастады. Университетте де білім беру деңгейін жоғарылату керек, менің ойымша кеңес заманындағы оқытушылар қазіргі мамандардан әлдеқайда мықты. Бұл шындық. Біздегі мұғалімдердің деңгейін көтеруге тиіспіз. Елімізде қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілін меңгереу жолға қойылып жатыр. Міне, біздің ұмтылатынымыз осы.
Автор: Назерке АБИБУЛЛА
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы