«Zhas Project» жобасына қатысуға өтініш қабылдау басталды
Бүгін Қазақстанның 20-ға жуық өңірінде «Zhas Project» жобасына қатысуға өтініш қабылдау басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жобаға 18-34 жас аралығындағы (қоса алғанда) NEET санатындағы жастар (уақытша жұмыспен қамтылмаған) қатыса алады. «Zhas Project» жас қазақстандықтардың мүмкіндігін арттыруға бағытталған. Жобаға қатысушылар өз аймағындағы әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған тиімді бастамаларды жүзеге асырып, сонымен қатар көшбасшылық қабілетін де дамыта алады.
Жастар әлеуметтік және кәсіби бағдарлау бойынша жаңа білім мен дағдыға ие болады. Бизнес құру және жүргізу бойынша кәсіби менторлық қолдау ала алады. Жоба жеңімпаздарының әрқайсысына әлеуметтік бастамаларды іске асыру үшін 1 миллион теңгеге дейін шағын гранттар бөлінеді. Болашақта 280 жоба іске асырылатын болады.
Өтініштерді қабылдау 24 сәуір сағат 23:59-ға дейін жалғасады. Әр өңір бойынша жобаны басқаратын және өтініш қабылдайтын ҮЕҰ-мен байланыс мәліметтері cisc.kz сайтында, Zhas Project бөлімшесінде көрсетілген.