Жас отбасыларға қай ипотека тиімді? Сарапшы ең тиімді бағдарламаларды атады
Үй алуда басты кеңес несие тарихты бұзбау қажет дейді маман.
Баспана алу әрбір жас отбасының ең үлкен мақсатының бірі. Алайда соңғы жылдары тұрғын үй бағасының қымбаттауы, алғашқы жарнаны жинаудың қиындауы және ипотекалық талаптардың күшеюі бұл мақсатқа жету жолын қиындатты.
BAQ.KZ тілшісі Қазақстанда жас отбасыларға арналған ипотекалық бағдарламаларға шолу жасады.
«Жас отбасы»: үй құнының жартысын жинай алғандарға тиімді
Көпшілік «Жас отбасы» деп атайтын өнімді мемлекеттік бағдарлама деп ойлайды. Шын мәнінде, бұл – Отбасы банкінің ресми некеге тұрғанына бес жылдан аспаған ерлі-зайыптыларға арналған арнайы ипотекалық өнімі.
Бағдарламаның ерекшелігі – қатысушылардың жасына емес, некенің тіркелген мерзіміне назар аударылады. Яғни жұбайлардың жасы 35-те де, 40-та да болуы мүмкін. Егер неке бес жылдан аспаса, бағдарламаға қатысуға мүмкіндік бар.
Дегенмен, мұнда бір маңызды талап бар. Отбасы банкінде депозит кемінде бір жыл сақталуы және өтініш берген кезде тұрғын үй құнының 50 пайызы жиналуы қажет. Сондай-ақ бағалау көрсеткіші (ОП) белгіленген деңгейге жетуі тиіс.
Осы талаптарды орындаған азаматтарға 6 пайыздық мөлшерлемемен аралық несие беріліп, кейін тұрғын үй заемына өткен соң мөлшерлеме 5 пайызға дейін төмендейді. Несие сомасы 100 млн теңгеге дейін жетеді. Бағдарлама арқылы жаңа пәтерді де, қайталама нарықтағы тұрғын үйді де, жеке үйді немесе жер телімін де сатып алуға болады.
«Наурыз» – бастапқы жарнасы төмен ипотека
Соңғы екі жылда ең көп талқыланған бағдарламалардың бірі – «Наурыз» ипотекасы.
Бұл бағдарлама тек жас отбасыларға арналмағанымен, оған қатысушылардың басым бөлігін дәл жастар құрайды. Себебі бастапқы жарна көлемі басқа бағдарламаларға қарағанда қолжетімді.
Бағдарлама бойынша әлеуметтік осал топтарға несие жылдық 7 пайызбен, қалған азаматтарға 9 пайызбен беріледі. Егер әрленген жаңа пәтер сатып алынса, бастапқы жарна 10 пайыздан басталады. Басқа жағдайларда 20 пайыз қарастырылған.
Астана мен Алматы қалаларында ең жоғары несие көлемі - 36 млн теңге, қалған өңірлерде - 30 млн теңге. Қарыз мерзімі 19 жылға дейін есептеледі.
«Отау» бағдарламасы кімдерге тиімді?
«Отау» бағдарламасы да Отбасы банкі арқылы жүзеге асырылады. Ол тұрғын үй құнының жартысын жинамаған, бірақ тұрақты табысы бар азаматтарға арналған.
Бағдарлама бойынша бастапқы жарна 20%-дан басталады. Несие мөлшерлемесі әлеуметтік мәртебесіне қарай 7 немесе 9% болуы мүмкін. Ең жоғары несие сомасы «Наурыз» бағдарламасымен бірдей: Астана мен Алматыда – 36 млн теңге, өзге өңірлерде – 30 млн теңге. Бірақ ескеретін жайт, бағдарламаға қатысу үшін - жас отбасылардың атында үй болмауы керек.
Өңірлік жастар ипотекалары
Республикалық бағдарламалардан бөлек, бірнеше өңірде жергілікті әкімдіктер жастарға арналған арнайы ипотекалық жобаларды қаржыландырады.
Олардың қатарында:
- «Алматы жастары»;
- «Елорда жастары»;
- «Алатау жастары»;
- өңірлік әлеуметтік ипотекалар бар.
Мұндай жобалар көбіне 35 жасқа дейінгі дәрігерлерге, мұғалімдерге, журналистерге, мәдениет және спорт саласының қызметкерлеріне, мемлекеттік қызметшілерге арналған.
Артықшылығы – пайыздық мөлшерлемесі төмен. Бірақ қаржыландыру көлемі шектеулі болғандықтан, бағдарламаға қатысу үшін конкурс іріктеуінен өту қажет.
«7-20-25»: әлі де сұраныс жоғары
Қазақстандағы ең танымал ипотекалардың бірі – «7-20-25». Бағдарламаның шарттары өзгерген жоқ:
- мөлшерлеме – 7%;
- бастапқы жарна – 20%;
- несие мерзімі – 25 жылға дейін.
Бұл бағдарлама жас отбасыларға арнайы арналмаған. Дегенмен баспанасы жоқ және талаптарға сәйкес келетін кез келген азамат қатыса алады. Негізгі талаптың бірі – тұрғын үйдің бастапқы нарықтан сатып алынуы.
Сарапшы не дейді?
Сарапшылардың пікірінше, бүгінде ипотека таңдағанда тек пайыздық мөлшерлемеге қарап шешім қабылдау дұрыс емес.
Мысалы, мөлшерлемесі төмен болғанымен, үй құнының 50%-ын жинау көптеген жас отбасы үшін оңай емес. Ал бастапқы жарнасы аз бағдарламаларға сұраныс өте жоғары болғандықтан, барлық үміткер бірдей өте алмайды,- дейді брокер Айгүл Дүйсенова.
Және қазір көп адам ипотека алуда оны төлей алмай қалсам, табысым жетпесе не болады деген қорқынышпен бармайтынын айтады.
Әр адамға әр бағдарлама өзіндік тиімділігін береді. Ол үшін отбасының табысын, ай сайынғы төлем мүмкіндігін және қандай мерзімде баспаналы болғысы келетінін есептеуге кеңес береміз,- дейді ол.
Үй алуда басты кеңес несие тарихты бұзбау қажет дейді маман.
Несие тарихы таза болса, табысы болса, мемлекет ұсынып отырған барлық мүмкіндікті пайдалану керек. Сондықтан саналы түрде, қаржылай сауатты болып, банктерге жем болмай, тиімді аз мөлшерде үй алуды мақсат ету керек, - дейді Айгүл Темірханқызы.
Қай бағдарлама тиімді?
Егер тұрғын үй құнының жартысын жинап қойған болсаңыз, «Жас отбасы» ең тиімді бағдарламалардың бірі саналады.Егер қолыңызда 10–20 % көлемінде ғана қаражат болса, «Наурыз» немесе «Отау» бағдарламаларына қатысқан дұрыс. Ал белгілі бір салада жұмыс істейтін жастар үшін өңірлік ипотекалар тиімді болуы мүмкін, - деп кеңес береді маман.
Қазақстанда жас отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында бірнеше ипотекалық бағдарлама жұмыс істейді. Олардың әрқайсысы азаматтардың қаржылық мүмкіндігіне сәйкес әртүрлі жеңілдіктерді қарастырады.
Бір бағдарламада төмен пайыздық мөлшерлеме ұсынылса, екіншісінде бастапқы жарна аз, үшіншісінде белгілі бір мамандық иелеріне басымдық беріледі. Сондықтан үй алуға асықпас бұрын барлық бағдарламаның талаптарын салыстырып, өз бюджетіңізге сай келетін нұсқаны таңдаған жөн.
Тағы оқи отырыңыз: