Жас отбасыларға арналған «Отбасы – бақыт мекені» семинар-тренингі өтті
Астанадағы №58 Ілияс Жансүгіров атындағы мектеп-гимназияда жас отбасылар үшін «Отбасы – бақыт мекені» семинар-тренингі өтті, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.
Неке және отбасы институтын нығайтуға бағытталған іс-шарада мамандар жас жанұяларға шаңырақ құндылықтарын насихаттап, отбасы мүшелерімен қарым-қатынас, бала тәрбиесі жөнінде түсіндірді. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, осы мақсаттағы іс-шаралар аясында бес семинар-тренинг өтпек.
Семинар-тренингті өткізу үшін мектепті таңдауымыздың себебі бар. Осы арқылы біз мектеп оқушылары және олардың ата-аналарымен бірлескен жұмыс жүргізіп, отбасылық құндылықты насихаттамақпыз. Сонымен қатар, Отбасы күніне орай ай бойы түсіндіру жұмыстарын жүргізетін боламыз. Іс-шараларға елімізге танымал қайраткерлер мен мамандарды тартып отырмыз. Бүгінгі семинар-тренингті отбасылық психолог, Астана қаласы әкімінің жанындағы Әйелдер істері бойынша комиссияның мүшесі Ақгүл Молдабекова мен қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы өткізіп отыр, – деді Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының бас маманы, «Отбасы – бақыт мекені» жобасының меңгерушісі Балжан Қолғанат.
Оның айтуынша, семинар-тренинг жыл сайын өтеді. Ол сондай-ақ, осыған дейін студенттер арасында репродуктивті денсаулық тақырыбында ұйымдастырылған іс-шара да сәтті өткенін айтты.
Әркім отбасындағы өз міндетін білу үшін де білім қажет. М.Әуезовше айтсақ, «Бір іске бейімделу үшін бірінші ниет, екінші күш, үшінші тәртіп керек». Бұл жерде «күш» деп отырғанымыз – білім. Ұйыған жанұя болу үшін әр адам өз жанының қалауын түсініп, өзін танып қана қоймай, отбасылық қарым-қатынас орната білгені жөн. Жас жұбайлардың білімдерін одан әрі толықтыру үшін осындай іс-шара ұйымдастырып отырған әкімшілікке де ризашылығымды білдіремін, - деді қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы.
Аталған семинар-тренингке №58 Ілияс Жансүгіров атындағы мектеп-гимназиясында оқып жатқан оқушылардың ата-аналары қатысты.