Жас нұротандықтар партия қатарына қабылданды

Астана, BAQ.KZ. Бүгін «Nur Otan» партиясының Орталық аппаратында 1 наурыз – Партия күніне орай партия қатарына қабылдау салтанаты өтті. Бұл туралы партияның баспасөз қызметі хабарлады.

Іс-шараға жас нұротандықтармен бірге саяси ұйымның қалыптасуына еңбек сіңірген партия ардагерлері де арнайы қатысты. Партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев барша нұротандықтарды партия күнімен және осы мерекемен қатар келген Алғыс айту күнімен құттықтап, істеріне сәттілік тіледі. Сондай-ақ ол «Nur Otan»-ның алдында Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев партияның XVIII съезінде айқындап берген маңызды міндеттер тұрғанына назар аударды.

Жалпы биыл «Nur Otan» партиясы үшін ерекше жыл. Өйткені саяси ұйымның құрылғанына биыл 20 жыл толып отыр. Осы мерейлі датаға орайластырылған партияның кезекті XVIII съезінде Мемлекет басшысы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев барша нұротандықтарды аталған мерейтоймен құттықтады.

Тарихқа аз-кем тоқталар болсақ, осыдан тура 20 жыл бұрын, яғни 1999 жылдың 1 наурызында партияның Бірінші тарихи съезі өтіп, онда Елбасы бірауыздан «Nur Otan» партиясының Төрағасы болып сайланды. Содан бері партия жылнамасына алтын әріптермен жазылған 1 наурыз Партия күні ретінде аталып өтіледі. Бүгінде «Nur Otan» 1 миллионнан астам партия мүшелері мен 6 мың бастауыш партия ұйымының басын біріктіреді. Еліміз бойынша партияның 248 филиалы жұмыс істейді.

Алдымен осы мәселелерге тоқталған Мәулен Әшімбаев өткен жылдарда партияның Елбасының ең сенімді тірегі және еліміздің жетекші саяси күші ретінде қалыптасып үлгергенін айтты.

«Партия 20 жылда Елбасының экономиканы реформалауға, әлеуметтік саланы дамытуға, қоғамдағы өзекті мәселелерді оң шешуге бағытталған стратегиялық бастамаларын жүзеге асыруға белсене қатысты. Сондықтан еліміздің барлық жеңістері мен жетістіктерінде «Nur Otan» партиясының, сондай-ақ әр нұротандықтың үлесі бар», – деді партия Төрағасының Бірінші орынбасары.

Оның айтуынша, осы уақыт аралығында партияның қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 1 миллионнан астам қазақстандық өз өтінішін айтып келген. «Nur Otan» 20 жылда 1 миллион 600 мыңға жуық арыз-шағым және өтініштер мен ұсыныстарды қарап, азаматтарды алаңдатқан мәселелердің оң шешілуіне ықпал еткен.

Сондай-ақ, Елбасының мемлекеттің алдына бұрынғыдан да ауқымды стратегиялық мақсаттар қойып отырғанын айтқан Мәулен Әшібаев басты міндет – елді жүйелі жаңғырту арқылы әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосылу екеніне назар аударды.

«Алдағы уақытта партиямыз осы бағыттарда жүйелі жұмыс істейді. Одан бөлек, партияның кезекті XVIII съезінде Мемлекет басшысының алдағы мақсат-міндеттерге тоқталып, бірқатар нақты тапсырмалар бергені белгілі. Әсіресе әлеуметтік салада атқарылатын ұтымды жобаларды айқындап, оларды жүзеге асырудың тиімді жолдарын көрсетті. Бұл жұмыстарға көлемді қаражаттың бөлінетінін де жеткізді. Елбасының съезде берген тапсырмаларын сапалы әрі уақытылы орындау үшін барша нұротандықтар күш біріктіріп, бірлесіп жұмыс істейміз деп сенемін», – деді Мәулен Әшімбаев.

Аталған съезде Қазақстан Президенті халықтың әл-ауқатын жақсартып, тұрмыс сапасын арттыру мақсатында Үкіметке бірқатар тапсырма берді. Партия Төрағасы Бірінші орынбасарының сөзіне қарағанда, осы мақсатта Ұлттық қор мен республика бюджетінен 2 триллион 350 миллиард теңге бөлінеді. Бұл еліміздегі өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған нақты көмек екені сөзсіз.

«Съезде Елбасы партияға аталған бастамаларды жүзеге асыруға белсене қатысып қана қоймай, бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуы мен берілген тапсырмалардың орындалу барысына бақылау жүргізуді жүктеді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы нақты 4 партиялық жоба туралы айтып өтті. Олардың біріншісі «Бақытты отбасы жобасы». Бұл бастама алдымен аз қамтылған және көп балалы отбасыларға қолдау көрсету мақсатында қолға алынып отыр. Жоба аясында партияның қоғамдық қабылдау бөлмелері мен филиалдары арқылы мұқтаж жандарға нақты көмек көрсетіледі. Екінші «Құтты мекен» жобасы алдымен ауылдық жерлердің инфрақұрылымын дамытуға бағытталған. «Ауыл – ел бесігі» жобасы да ауылдарымызды дамытып, ол жақта жұмыс орындарын ашып, жайлы өмір сүруге қолайлы жағдай жасауды көздейді. Төртінші «Халыққа көмек» жобасы бойынша қоғамдық қабылдау бөлмелерінде «Бірыңғай әлеуметтік терезелер» ашып, халыққа жедел әрі нақты көмек көрсетуді қолға алдық», – деген Мәулен Әшімбаев Елбасының осы жобаларға мән беруі партия үшін үлкен сенім мен жауапкершілік екенін айтты.

Сөз соңында партия Төрағасының Бірінші орынбасары барша жиынға қатысушыларды Алғыс айту күнімен құттықтады.

«Бұл күн елдің ынтымағы мен бірлігін одан әрі арттыратын зор маңызға ие. Сондықтан барша қазақстандықтарды атаулы күнмен құттықтап, шынайы алғысымды білдіремін. Әрдайым еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын», – деді Мәулен Әшімбаев.

Айта кетейік, партия күніне орай еліміз бойынша 3 мыңнан астам қазақстандық партия мүшесі атанды. Астана қаласының өзінде әр салада еңбек етіп жүрген 20 азаматқа партия билеті салтанатты жағдайда табыс етілді. Атап айтқанда, «Тыныс» акционерлік қоғамының бас директоры, Үкіметтің «Caпa саласындағы жетiстiктерi үшiн» сыйлығының иегері Қайрат Қалманбаев, «Agro Processing» және «Apple World» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің бас директоры, Almaty Urban Farm Festival, Alma Sunday, Alma Music сияқты ауылшаруашылық жәрмеңкелері мен фестивальдерін ұйымдастырушы Арсен Рысдәулетов, «Әйнек-Тара» әйнек зауының директоры, «Жыл көшбасшысы-2017» ұлттық сертификатының иегері, «Бизнес көшбасшысы» сыйлығының лауреаты Натэлла Дзоценидзе, белгілі кино және театр актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әділ Ахметов, «ОЛИМПИОНИК – Әлеуметтік қоры» қоғамдық қорының құрылтайшысы Зейнолла Ақан, жеке кәсіпкер Людмила Несяева, жас ғалым, кәсіпкер, музыкант, «БИОВ» қауіпсіздік техникалары жүйесінің авторы Әмір Қуат, дирижер, Қазақ ұлттық өнер университетінің әнші-контртеноры. Халықаралық байқаулардың лауреаты Батыржан Смақов, «Литер» республикалық қоғамдық-саяси газеті бас редакторының орынбасары Жаннат Ойшыбаева, Қазақстанның 100 жаңа есімі байқауының жеңімпаздары: Болат Сұлтанқұлов, Алмаз Ибрагимов және Ғалым Нұрланов, «Алтын адам» тігін фабрикасы директорының орынбасары Әлия Отарова, балаларға арналған киімдер шығаратын «MIMIORIKI» тұңғыш қазақстандық брендтің арт-директоры Мая Жұманбекова, «НПП Kazakh Osseter» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Тұрсынгүл Жақыпова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі тележүргізуші Қарагөз Сүлейменова, Костенко атындағы шахтаның жұмыскері, акробатикадан Әлем кубогы мен Азия чемпионатының жүлдегері Даниель Диль, «Жаңғыру жолы» Қазақстан халқы Ассамблеясы жастар қанаты Астана қалалық штабының жетекшісі Наталья Карагеур, «Ару-Тас» бетон бұйымдарын шығару зауытының директоры, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бекжан Әлімқұлов және «Хабар» агенттігі» акционерлік қоғамы Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ринат Кертаев «Nur Otan» партиясының мүшесі атанды.

Іс-шара соңында партия ардагерлері сөз алып, партияның қалыптасу кезеңі туралы айтты. Сондай-ақ, олар жастарға баталарын беріп, елдік мүдде жолындағы істеріне табыс тіледі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы