Жас маман – жарқын болашақ иесі

Тағы бір оқу жылы аяқталып, елдегі ондаған жоғары оқу орындары жүздеген мың жас маманды үлкен өмір жолына шығарып салды. Солардың бірі оңтүстік өңірдегі іргелі оқу орны – М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті де өз шәкірттеріне диплом беріп, өмір көшіне қосты. Соның ішінде журналистика мамандығының студенттері – аймақтағы ақпарат саласына едәуір үлес қосқан кәсіби жас мамандар. Солардың бірі – BAQ.KZ тілшісі сұхбаттасқан Назерке Маратқызы.

Назерке Маратқызы мемлекеттік грантта оқи жүріп, бірінші курстан бастап медиа саласына өз даусымен келген жастың бірі. Жаспын демеді, жанталаса еңбекке араласты өз еркімен, жан қалауымен. Жастық жалыны мен амбициясы, позиция айқындығы мен журналиске тән ой-өріс, қарым-қабілеті оны өзгелерден ерекше етіп тұрды. 

– Назерке, әні-міне қолға диплом алғалы тұрсыз. Кешегі студент санаулы сәттен соң кәсіби журналист. Дегенмен, сіз студент кезден бастап Жамбыл журналистикасына қалам сілтеп, жазуды серік етіп келесіз?

Иә, төрт жыл бойы өңірлік журналистиканың қазанына ерте түстім десем, артық айтқаным емес. Бірінші курстан бастап қаламымды ұштап, түрлі тақырыпта материал жазуға, өзімді кәсіби бағытта қалыптастыруға күш салдым. Қазірде М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінде оқимын. Осы жоғарғы оқу орны менің маман ретінде өсіп, тәжірибе жинауыма үлкен мүмкіндік берді. Алғашқы тәжірибем де осы университеттің медиа орталығында басталды. Сол жерде жүріп алғаш рет «Дулати жастары» газетінде мақалам жарық көріп, қаламгерлік жолыма алғашқы нық қадамымды жасадым. Бұл мен үшін үлкен қуаныш әрі шабыттың бастауы болды. Кейін медиа орталықтың ресми сайттарымен қоса, Instagram парақшасын жүргізуге атсалыстым. Цифрлы медиамен жұмыс істеу, заманауи визуалды контент жасау сынды бағыттарда тәжірибе жинадым. Университет қабырғасынан-ақ кәсіби ортаға араласып, Жамбыл телеарнасынан ұсыныс алып, «Рауан» таңғы бағдарламасына редактор әрі жүргізуші болып қабылдандым. Тікелей эфирдің жауапкершілігі, шұғыл жаңалық дайындау, кейіпкермен жұмыс істеу мені шыңдай түсті. 2024 жылы «Jambyl-Taraz» ақпараттық агенттігінде контент-редактор ретінде еңбек еттім. Бұл кезеңде жаңалықты жедел әрі нақты жазу, аудиторияны қызықтыра білу, медиатіл мен креативтік ойлауды дамыту сынды маңызды машықтарды жетілдірдім. Одан кейін «Taraz 24» телеарнасында журналист болып қызмет атқардым. Бұл арнада жаңалықтың қайнаған ортасында жүріп, түрлі репортаж, сюжеттер дайындадым. Күнделікті ақпарат ағынында кәсібилік, нақтылық пен жылдамдықтың қаншалықты маңызды екенін терең түсіндім. Қазіргі уақытта Тараз қаласы әкімдігінің медиа орталығында қызмет етемін. Қалалық деңгейдегі қоғамдық жобалар мен ресми ақпаратты тұрғындарға нақты әрі ашық жеткізу – күнделікті жұмысымның бас мәні. Бұл – жауапкершілік қана емес, үлкен сенім. Алдағы жоспарым – білімімді тереңдетіп, үлкен қалаларда магистратурада оқу.

– Жалпы журналистика теориялық біліммен қатар, үнемі ізденісті, эксперименттік сюжеттер жасап, ойдың ұшқырлығын, жазудың жеделдігін қажет ететін сала. Мамандық таңдау мәселесіне келсек... Бүгінде бірқатар түлек шығармашылық емтихан болған соң осы мамандыққа амалсыз түсіп кететінін, уақыт өте басқа мамндыққа ауысып кететін жасырын емес...

– Иә, журналистика – тек теориялық біліммен шектеліп қалмайтын, үнемі ізденісті, жан-жақтылықты, тынымсыз еңбек пен шығармашылық батылдықты қажет ететін сала. Бұл мамандық – бір сәтке де бейқамдықты көтермейді. Бүгінгі жаңалықты ертең жазсаң – ол ескіріп кетеді. Сондықтан журналист әрқашан шапшаң, сергек, әрі ойы озық жүруі тиіс. Оқиғаның ішіне еніп, оның тамырын дөп басып, соны жұртқа түсінікті, әсерлі етіп жеткізе білу – бұл оңай шаруа емес. Ол үшін тәжірибемен қатар, табиғи талант пен табандылық қажет.

Журналистика – жай ғана мәтін жазу емес. Бұл – кадр артындағы күрделі еңбек, аудиториямен диалог орнату, күндіз-түні ақпараттың соңында жүру, бір кейіпкердің тағдыры арқылы мыңдаған оқырманның жанын қозғай білу. Сондықтан бұл салада жүрек қалауымен, жан ықыласымен ғана жұмыс істеуге болады.

Мамандық таңдау мәселесіне келсек… Бүгінде кейбір талапкерлер шығармашылық емтихан жеңілірек өтеді деген оймен немесе ҰБТ-дағы ұпайы жетпегендіктен журналистикаға «амалсыз» келіп жатады. Өкінішке қарай, ондай жандар аз емес. «Әйтеуір грантқа түсіп алайын», «Журналист болмасам да, кейін басқа салаға ауысып кетемін» деген оймен келгендер алғашқы курстарда-ақ бұл саланың өзіне лайық емес екенін сезіп, бас тартатын жағдайлар жиі кездеседі. Алайда, журналистика – сынақтан кейін емес, сенімнен кейін таңдалуы тиіс мамандық. Ол – жүректен шыққан шешіммен ғана орындалатын іс. Себебі бұл сала – өмірдің өзімен бірге адымдайды. Жаңалық тоқтамайды, ақпарат тыныстауды білмейді. Ал сен соған үлгеріп, дерек пен детальды ажырата алмасаң – аудитория алдындағы сенімді жоғалтып аласың. Бұл – жай ғана диплом үшін оқи салатын сала емес, бұл – жауапкершілік, адалдық, шынайылық пен үнемі ізденісте жүрудің мекені.

Сондықтан журналистиканы таңдаған адам ең алдымен өзіне сұрақ қоюы тиіс: «Мен осы саланы шын ниетіммен қалаймын ба, әлде жай ғана уақытша аялдама ретінде қарастырып тұрмын ба?» Бұл сұраққа шынайы жауап бере алған адам ғана шынайы журналист бола алады.

– Назерке Маратқызы, бүгінде жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында өзіңнің іскерлігіңмен біршама танымалдыққа ие боп қалдың. Тіпті қатарластарыңның алдысың. Барлық заманауи құралдарды, тың әдістерді пайдалана отырыпы, эфирге шығып жүрсің. Жалпы бүгінгі журналистика несімен қызық?

– Рахмет, бұл тек бір адамның ғана емес, бүтін бір орта мен уақыттың берген мүмкіндігі деп ойлаймын. Қазір ақпараттық дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Жаңалықтың таралуы – секундтармен өлшенетін кезең. Сондықтан бүгінгі журналистика ерекше сергектікті, жан-жақтылықты, барлық жаңа шыққан технологияны жедел меңгеруді талап етеді. Маған осы қарқын, осы үздіксіз қозғалыс ұнайды.

Бүгінгі журналистиканың бір ерекшелігі – шекарасыз болуы. Яғни, сен тек газетке жазып қана қоймайсың, бейнеформатта сөйлейсің, подкаст жүргізесің, Instagram, TikTok сынды алаңдарда да аудиториямен тікелей байланыс орнатасың. Бұл – бұрынғыдай тек қалам мен қағазбен шектелмейтін, жан-жақты дамуға жол ашатын шығармашылық алаң. Журналист енді жай баяндаушы емес, контент жасаушы, медиа менеджер, тіпті кейде аудиторияның көңіл күйін дәл танитын психолог сияқты.

Қазір мен өз мамандығымның арқасында түрлі жобалар мен жарнамаларға қатысып жүрмін. Бұл да – журналист ретінде қалыптасу жолындағы тәжірибенің бір тармағы. Жалпы, студент болып жүріп, өз мамандығың бойынша еңбек ету – үлкен жауапкершілік әрі шынайы мақтаныш. Өйткені теорияны өмірмен ұштастыру, әрбір түсірілім мен шығармашылық жұмыс арқылы өз кәсібіңе бір қадам жақындай түсесің. Журналистика – бұл өмірлік сахна. Мұнда табыс бірден емес, баспалдақпен, тиянақты еңбекпен келеді. Мен дәл осы жолда сенімді түрде көтерілуге талпынып келем. Мені қызықтыратыны да осы – үнемі қозғалыс, үнемі жаңару. Бір күн екінші күнге ұқсамайды. Бүгін қала жаңалықтарын жазсаң, ертең әлеуметтік проблемаларға тереңдейсің, одан кейін бір кейіпкердің тағдырын баяндап, оқырманның жан дүниесіне әсер етесің. Бұл салада тоқтау жоқ, ол маған шабыт береді.

Журналистика – синкреттік мамандық қой, негізі. Мәтін жазу, тікелей эфир жүргізуден басқа журналистиканың қандай жанрларына көбірек барған ұнайды?

– Иә, журналистика – расымен де синкреттік мамандық. Бұл салада бір ғана бағытпен шектеліп қалуға болмайды, әсіресе бүгінгі заманда. Қаламың ұшталып, сөзің өткірленіп, дауысың анық шыққан сайын сенің бойыңда бірнеше қабілет қатар дамиды. Журналист – әрі мәтін жазушы, әрі оператор, кейде монтаждаушы, кейде режиссер, ал кейде қоғаммен байланыс орнататын коммуникатор. Яғни, бұл мамандықта бір ғана қырың емес, жан-жақты қабілетің сынға түседі.

Маған көбінесе репортаж жанры ұнайды. Себебі ол шынайы атмосфераны жеткізуді, дәл сол сәттің куәсі болуды талап етеді. Камера артында емес, оқиғаның нақ ортасында жүріп, халықпен тілдесіп, өмірдің қайнап жатқан тұсынан ақпарат ұсыну мені шабыттандырады. Сонымен қатар кейіпкерлік сұхбаттар мен әлеуметтік мәселелерге арналған аналитикалық материалдар жазуға да қызығушылығым зор. Себебі бір адамның тағдыры арқылы мыңдаған адамның үнін жеткізуге болады.

Қазіргі кезде жиі кездесетін түсініспеушілік – журналист пен блогерді теңестіріп қарау. Бұл – шын мәнінде үлкен қателік. Иә, екеуі де көпшілікке ақпарат таратады, камера алдында сөйлейді, әлеуметтік желіде белсенді. Бірақ олардың мақсаты, ұстанымы, жауапкершілік деңгейі мүлде бөлек. Журналист – фактіні қазып, шындықты ашатын адам. Ол қоғамға қызмет етеді. Блогер – өзінің ойы мен тәжірибесін бөлісетін тұлға. Ол аудиторияның назарын өзіне аударғысы келеді. Журналист – бейтараптылыққа, дәлдікке, жауапкершілікке негізделсе, блогер көбіне еркін форматта, көңіл күймен жұмыс істейді. Сондықтан бұл екеуін шатастырмау – қоғамның медиасауаттылығы үшін аса маңызды.

Мен өз тәжірибемде бұл екеуінің аражігін нақты ажырата отырып жұмыс істеуге тырысамын. Мысалы, қазіргі таңда өз мамандығым арқылы түрлі жарнамалық ұсыныстар алып жүрмін. Әсіресе кәсіпкерлердің кәсібін жүргізуге бағытталған жобаларға қатысып келемін. Бұл, бір жағынан, табыс көзі болса, екінші жағынан мен үшін кәсіби тәжірибе. Бірақ мен әр жарнамаға бірден келісім бере салмаймын. Алдымен тауарды немесе қызметті тексеріп көремін, сапасына көз жеткізбейінше ұсынысты қабылдамаймын. Бұл – кәсіби этикама сай шешім.

Қазір Instagram желісінде трендке айналған қысқа форматтағы “инста-сериалдарға” да шақыртулар болып жүр. Бұл да – қазіргі журналистиканың жаңа қырларының бірі. Формат қысқа болғанымен, жалпы көрген көзге әсері ұзақ. Осындай жобаларда болу – сөз саптау, эмоцияны жеткізу, аудиториямен байланыс орнату сияқты дағдыларды шыңдай түседі. Ал бұл қабілеттер ертеңгі кәсіби эфирде де, күрделі сюжетте де қажет болады.

Сондықтан бүгінгі журналистика тек газетпен немесе жаңалықпен ғана шектелмейді. Ол – экран, эфир, әлеуметтік желі, жарнама, тіпті storytelling-тің жаңа формалары арқылы дамып жатқан кең әрі креативті алаң. Мен осының ортасында жүріп, кәсібімді күнде қайта тануға, қайта құруға тырысып келемін.

– Бүгінгі өзің қатарлы заманауи журналист қандай болуы керек, нені білуі керек?

– Қазіргі жас журналист қандай болу керек дейсіз бе? Ең алдымен – жан-жақты, көзсіз батыр, яғни тәуекелшіл болуы керек. Қазіргі медиа бір ғана жазумен шектелмейді. Сен тек мәтін жазумен айналысамын дейсің, бірақ бір күні камера алдына шығуың мүмкін, ертеңіне монтаж жасап отырасың, одан кейін бір жобаға сценарий жазып, сосын сол жобаға спикерді де өзің табасың. Яғни, бәрін де меңгере алатын, икемі бар, бейімделе алатын (гибкий) маман болуың керек.

Екіншіден – цифрлық сауат пен жедел ақпарат тарату. Қазір ақпараттың дені TikTok пен Instagram желісінде. Оны мойындау керек. Жастар жаңалықты лентадан емес, reels пен сторидан қарап отыр. Сондықтан журналист тек мақала жазып қоймай, соны визуалға, қысқа форматқа, интерактивке айналдыра білуі керек. Мен өзім де кейде бір жаңалықты reels етіп беріп, оқырманның қызығушылығын оятуға тырысамын және содан үнемі көп көрермен жинаймын.

Үшіншіден – креатив пен шынайылық. Қазір жұрт жалған пафосты көтере алмайды. Артық бояусыз, нақты, жылы жеткізе алатын журналист қашанда ұтады. Сондықтан оқиғаны «тірілтіп» жазу, детальмен беру, сөз саптауыңмен, бағытты боямасыз таңдауыңмен оқырманды ұстап қалу маңызды.

Және ең бастысы – жауапкершілік. Не жазсаң да, не түсірсең де, артында сенің атың ғана емес, сенің кәсібіңнің абыройы тұратынын ұмытпау керек. Әсіресе қазір «хайп» қуып кететіндер көп. Бірақ уақыт өте бәрібір шынайы еңбектің ғана салмағы қалатынын өз тәжірибемнен байқадым.

Сосын, шыны керек, бүгінгі журналист көп оқуы керек. Өз мамандығын жақсы көру керек. Себебі бұл – жай ғана жұмыс емес, бұл – сенің даусың, қоғам алдындағы позицияң. Егер осыны жүрегіңмен түсінсең – бәрі өз орнына келеді.

– Жоғарыда айтқандай, еңбекке ерте араластың ғой. алғаш жұмыс барысындағы қобалжу, мәтіндегі олқылық дегендерді қалай түзеп келесің?

– Иә, шынымен еңбекке ерте араластым. Басында бәрі романтика сияқты көрінеді ғой: журналист болу, эфирге шығу, мақала жазу… Бірақ шынайы жұмыс істеу басталғанда қобалжу да, қате де, өз-өзіңе сенбеу де қатар жүреді екен. Алғашқы сюжетімді эфирден көргенде жүрегім зырқ ете қалған. Мәтінде бір-екі артық сөз, кейіпкердің ойын толық жеткізе алмаған тұстар – бәрі көзге сонадайдан ұрып тұратын.

Бірақ бір нәрсені түсіндім: журналистиканы үйренудің ең жақсы жолы – істеу, әрекет ету. Қате жасап көрмесең, қалай дұрыстайсың? Әр эфир, әр жарияланған материал – өзіңе сын. Сол арқылы өсе бастайсың. Ал мәтіндегі олқылықтарды түзетудің бірден-бір жолы – көп оқу және өз материалдарыңа сыни көзбен қарау. Кейде жазған дүниемді 2-3 рет оқып шығып, келесі күні қайта ашып қарап, артық сөздерді алып тастаймын, мағынасы бұлыңғыр сөйлемдерді дұрыстаймын. «Жақсы жазу – жақсы қию» деген рас қой.

Одан бөлек, тәжірибелі редакторлардың ескертпесін тыңдаудан ешқашан қашқан емеспін. Сын айтып жатса, ренжімеймін. Себебі ол сынды тыңдай отырып, мен өзімді кәсіби жағынан қалыптастырдым. Бір сөздің дұрыс қолданылмауы, бір детальдің жетіспеуі – бәрі маңызды. Қазір соған мән беруге дағдыланып қалдым. Тағы да бір айтатын нәрсем: өзім әрдайым ізденіс үстінде аға буын өкілдерінің жеткен жетістігін саралап, қай жерде қандай «подача», қандай бағытпен ұтымды жаңалық берді деп зерделеп жүремін.

Қазір ойланып қарасам, сол қобалжу, сол ұялған сәттер мені бүгінгі мен еткен секілді. Сондықтан мен қателесуден қорықпаймын. Қателесіп жүріп, түзеліп жүріп үйреніп келемін. Ең бастысы, бір орында тоқтап қалмау, жіберген қателіктен сынып кетпеу және бір негізгісі «бәрі жақсы, жақсы болды» деп арқаны кеңге салмау.

– Өрелі әңгіме өрбітіп, жас та болсаң бас болған байыпты сұхбатың үшін көп рахмет. Алдағы жоспарларыңа сәттілік тілейміз.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан
Өзгелердің жаңалығы