Жас кәсіпкер: Алға мақсат қойған соң, оған жету керек
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде ауыл шаруашылығын дамыту бойынша бірнеше бағытта жұмыс атқарылып жатыр. Соның бір саласы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы кәсіппен айналысамын деген адамға көмек беру.
Жастарды еңбекпен қамту, өз күнін өзі көрер кәсіппен айналысуға баулу бойынша бірқатар жоба бар. Атап айтар болсақ, "Игілік", "Бастау", "Сыбаға", "Құлан" және тағы басқа бағдарлама арқылы халықты несиелендіру, жеңілдікпен төлеу, мерзімдік үзіліспен төлеу сияқты жеңілдіктері де бар.
Сұңғат Нұржасаров өткен 2018 жылы "Игілік" бағдарламасы арқылы мемлекеттен жеңілдетілген несие алып, ауылда кәсіп ашқан. Бағыты – ет өнімділігі жоғары ірі қара санын арттыру.
Осы бойынша Сұңғат Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 4 млн теңге алды. Жасы енді ғана 30-ға толған жігіттің екі баласы бар, қарт ата-анасына да көңіл бөліп, қолына алып отыр.
Ақмола облысының Біржан сал ауданында дүниеге келген жас жігіт өзі өскен өңірге аз да болса қолынан келген көмегін жасап, игілікті іс істеуді мақсат тұтады.
Еңбекшілер ауылында тұратын жас кәсіпкердің өзі де еңбекқор азамат. Мемлекеттен алған қаржыға 10-15 бас сиыр сатып алып, соларды бордақылап, қысы-жазы сүтін сауумен қатар, алдағы жылдан бастап етін де сатуды қолға алмақшы.
"Бастау" бағдарламасы арқылы алған қаржыны игеріп, игілігін көріп отырмыз. Ендігі мақсатым – "Сыбаға" бағдарламасы арқылы қаржы алу. Қазір құжаттарын жинау жұмыстарымен жүгіріп жүрмін. Алла бұйырып, оңынан шешілсе, 25 млн теңге көлемінде қаржы алу ойда бар. Оған осы ауыл шаруашылығына керек техникаларды алсам ба деймін. Өзімде де техника бар, бірақ ол ескі", - дейді кәсіпкер.
Сұңғат өзгелер секілді іргеде тұрған елордадан жұмыс іздеп, қайда барса да, "екі қолға бір күрек" табылады деп, қала жағалап кетуіне де болатын еді. Бірақ оған қанға сіңген ата кәсіп жібермеді.
"Қалада да болдым. Бірақ ауылға бүйрегім бұрыла берді. Ауылға келген соң, кең дала, баяғы өзім өскен, кішкентайымнан тай мініп мал қайырған өңірді көргенде көңіліме бірден "неге мал өсірмеске?" деген ой келді. Әрі бұл салаға мемлекет те маңыздылық беріп отыр. Сонымен "Игілік" бағдарламасы арқылы бастап кеттім", - дейді Сұңғат Нұржасаров.
Осы мақсатта іздене бастаған болашақ кәсіпкер Степногорск қаласында 20 күн арнайы курстан өтеді. Онда кәсіппен айналысамын деген адамға барлығын үйретеді. Құжатпен, қаржымен, техникамен, тіпті малды алып-сатуды, ет өткізу мен сүт өнімдерін сақтауға дейін түсіндіреді.
"Осы істен нәтиже шығарамын деп талап қойғандықтан, орта жолда тоқтап қалуға да болмайды. Дегенмен қағазбастылық әжептәуір қолбайлау болатынын байқадым. Екі ай уақытым тек қағаз жинаумен кетті. Дегенмен, өз игілігім үшін, өз мақсатым үшін іске кіріскеннен кейін, соңына дейін шыдауға тура келді", - дейді жас кәсіпкер несие алу үшін құжат жинаудың қаншалықты қиын болғанын еске алып.
Шаруа қожалығына "Нұржаса" деп атау беріп, еңбекқор жастар қатарынан көрінген кәсіпкер екі жылдық мерзімдік демалыспен алған 4 млн теңгесінің өсімін ғана төлейді. Биылғысын өткен қыркүйек айының соңында төлеген. 6 пайызбен 7 жылға алған несиесінің бір жылдық өсімі – 180 мың теңге. Алдағы жылдың күзінде де осынша сома төлейді.
"Қазір жұмыс істеп, мал басын өсіремін деген жанға үкімет үлкен мүмкіндік беріп отыр. Түрлі бағдарламалар бойынша 4 млн теңгеден бастап, 70 млн теңгеге дейін несие алып, шаруаңызды дөңгелете беруіңізге болады. Бір әттеген-айы субсидия мәселесі дұрыс жолға қойылмай отыр. Несие алып, шаруашылығымды жүргізіп келе жатқаныма бір жылдан асып барады, бірақ әлі субсидия ала алмай отырмыз", - дейді кәсіпкер.
Сұңғат кәсібін бастағанда өз малымен бірге ауылдың да малын баққан. Бірақ – тегін. Ол кезде ауыл атқамінерлері субсидия төлеуге келіскен. Ал қазір қаржы жоқтығын сылтауратып, тиесілі ақысын бере алмай отыр.
"Осы мәселе бойынша қайда барарымызды білмей отырмыз", - дейді Сұңғат Нұржасаров.