Жас ғалымдардың жетістігі
Талдықорғандағы NIS оқушыларының ғылыми жобалары көпті таңғалдыруда. Бірі – автономды көзілдірік ойлап тапса, бірі – медициналық робот-медбике құрастырған, деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.
XII Наурыз кездесулері аясында Астана қаласында жүздеген дарынды оқушы «Биомедицина, инженерия және технология» тақырыбы бойынша өз зерттеулерін ұсынды. Байқауға Талдықорған NIS командасы бес ғылыми жоба әзірлеген.
Атап айтсақ, медицинада қолданылатын гидравликалық манипулятор, қиын өмірлік жағдайға тап болған балаларды қолдауға арналған «Қауіпсіз NIS» мобильді қосымшасы, медициналық робот-Медбике, жер сілкінісі мен техногендік апаттар кезіндегі құтқарушы робот, сондай-ақ нашар көретін және зағип жандарға арналған көзілдірік.
Аталған білім додасында Виктор Кахно, Максим Сурин, Мирхаят Денидің «Көзі нашар көретін адамдарға арналған көзілдірік» жобасы екінші орынға ие болды. Олар автономды көзілдірік ойлап тапқан. Оның көмегімен зағип адамдардың күнделікті өмірі айтарлықтай жеңілденетіне сенімді.
Олардың айтуынша, бұл ғылыми жоба екі рет студенттік Enactus конкурсының жеңімпазы. Әрі оқушылар сол арқылы NARXOZ университетінің мемлекеттік гранттарының иегере атанған. Сондай-ақ биыл Каирде өткен «Ai forum» жастар форумында таныстырылып, жігіттер Blockchair компаниясынан 10 мың АҚШ долларын ұтып алыпты.
Ал ІІІ орынды Еркежан Үмбетбаева мен Виктор Кахноның жобасы жеңіп алған. Олардың жетістігі – дәрігерлер мен науқастарға көмектесетін «Medbot» роботы.
Біздің робот кадр тапшылығы мәселесін шешуге арналған. Төсекке таңылған науқастардың өз-өзіне күтім жасауы өте қиын. Робот оларға көмектесе алады, ол дәрі-дәрмекті дер кезінде әкеліп, инвекция жасайды. Әрі кварц шамдары арқылы бөлмелерді дезинфекциялай алады. Сонымен қатар, фейс-контроль арқылы науқасты тану функциясы бар, – деп түсіндірді Еркежан.
Байқауда Даниал Шокобалиновтың қиын жағдайда қалған балаларды қолдауға арналған «Қауіпсіз NIS» мобильді қосымшасы екінші орын алып, үздік үш жобаның қатарына енген.
Автордың айтуынша, қосымшаның негізгі мақсаты – мектеп оқушыларына суицидке байланысты мәселелерге тап болған жағдайда қолдау көрсету және ақпарат алу.
Жәния Жұматай мен Іңкәр Құрманбаеваның «Құтқару роботы» ғылыми жобалары арнайы номинациямен марапатталды. Жас ғалымдар төтенше жағдайда адамдарды құтқара алатын робот құрастырған.
Биылғы жылғы наурыздағы ғылыми жобалар байқауы заманауи медицинаның жаһандық трендтеріне арналды. Мәселен денсаулық сақтау саласына жасанды интеллект, машиналық оқыту мен үлкен деректерді енгізу.
Жарыс қатысушылары Назарбаев университетінің Медицина мектебі және Инженерия мен цифрлық технологиялар мектебі, сондай-ақ республика Президентінің Іс басқармасы Медициналық орталығы ауруханасында жаңа технологияларды тәжірибеде қолдану барысымен танысты.
Зияткерлік мектеп оқушыларымен қатар жоба қорғауға ғылым алаңына алғаш рет 17 ауылдық тірек мектеп өкілдері шықты. Олардың Астанаға сапарын Білім беруді тұрақты дамыту қоры ұйымдастырған.