Жас ғалымдар Талғар тарихи қалашығын аралады

Алматы, BAQ.KZ. «Ғылым Ордасынан» студенттер мен жас ғалымдар ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра тізіміне енгізілген Ұлы Жібек жолы бойындағы Талғар қалашығын  аралауға арнайы экскурсияға шықты.

Мәдени шара әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің тарих факультеті және «Есік» мемлекеттік
тарихи-мәдени музей-қорығымен «Ақынжанов оқулары – 2022» халықаралық ғылыми конференция аясында жалғасын тапты.

Ә.Х. Марғұлан атындағы археология институтының аға ғылыми қызметкері Борис Железняков жастарға Талғар қаласының тарихы мен жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының қыр-сырларымен  таныстырды.  

Талғар қалашығы он екі жарым ғасыр бұрын, б. з. VIII ғасырда пайда болған ортағасырлық қала мәдениетінің ескерткіші. Бұл қала – Алатаудың солтүстік баурайында гүлденген қолөнер мәдениеті мен дамыған сауда-саттығы бар егіншілігі жайқалған қала болды. Бірақ, қала бес ғасырға жуық XIII ғасырға дейін өмір сүрді. Тарихи деректерден бізге Талғар туралы бір ғана дерек жеткен. Белгісіз парсы саяхатшысы еңбегінде бұл қаланы Ұлы Жібек жолының халық жиі жүретін тоғыз жолдың торабында орналасқаны туралы 982 жыл жазған.  Осы жазбасында бұл мекенді «Бейбітшілік шекарасы» деп атаған екен. Талхир «түрік тайпалары чигілдер мен қарлұқтардың шекарасындағы таулардың арасында орналасқан. Бұл тайпалардың тұрғындары әскери өнерді меңгерген жауынгер, ержүрек батыр болған және олар қала өмір сүріп тұрғанша жау шапқыншыларынан қорғауға талай бас көтеріп шыққан көрінеді, – деді қала тарихына тоқтаған археолог.

Археолог-ғалым қазба жұмыстары кезінде қалашықтың орта қабаттарында құнды жәдігерлер мен құрал-саймандар, оның ішінде  Баласағұн қаласында соғылған 1060 жылдарға жататын бірнеше монеталар табылғанын атап өтті.   Шамамен сол кезеңдегі басқа монеталар Тараз мен Шығыс Түркістаннан табылған. 1037-1043 жылдар аралығына сәйкес келетін 15 күміс монеталар бар көмбе қазір «Есік» музей-қорығында сақталған. Бұл Шығыс Қарахан қағанаты  сауданың дамыған ортасы болғанына дәлел бола алады.

Железняковтың сөзінше, қаланың сауда жолында бұрынғы жағдайының жоғалуына байланысты жоғарғы мәдени қабаттар біртіндеп қаңырап бос қалғанын көрсетеді.

Қолөнершілер басқа қалалар мен елдерге жер ауып кетті немесе олардың еңбегіне қанаушылық жасап басқа жақтарға алып кеткен. Сонымен қатар, ауылшаруашылық өнімдерінен пайда түспеген сыңайлы. Осы орайда жергілікті халық мал шаруашылығымен айналысуға жан-жаққа ауып кеткен болуы мүмкін.

Жастар экскурсия соңында бабаларымыздың мәдениетін, тарихын көзбен көріп, қолмен ұстап  көргендей әсерлерімен бөлісіп фотоға түсіп, жеріміздің тарихы жөнінде қызықты пікір алмасты.
 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы