Жас ғалымдар мәртебесі талқыланды
Астанада Жас ғалымдар кеңесі Президиумының бірінші жұмыс отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Жас ғалымдар кеңесі Президиумының бірінші жұмыс отырысы өтті. Жиынға Президиум мүшелері мен Ұлттық ғылым академиясының жаңа вице – президенті, белгілі ғалым Дос Сарбасов, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VIII шақырылым депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Аймағамбетов Асхат Қанатұлы қатысты.
«Ғылым және технологиялық саясат туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасына өзгерістер немесе толықтырулар бойынша ұсыныстар отырысының күн тәртібіндегі басты мәселе. Жас ғалымдар кеңесі депутаттарға заң жобасына халықаралық ғылыми практика стандарттарына сәйкес келетін «жас ғалым» ұғымын енгізуді ұсынылды.
Бүгінде бұл ұғым ғылым туралы заңда және басқа да заңға тәуелді актілерде анықтаусыз қолданылады, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобалар бойынша жас ғалымдардың іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерін гранттық қаржыландыру жөніндегі жыл сайынғы конкурста, сондай-ақ Мемлекет басшысының Үкіметке «Жас ғалым» жобасы шеңберінде зерттеулер жүргізуге 1000 грант бөлу жөніндегі тапсырмасында (жас ғалымдар) және жас ғалымдарды Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының қызметіне тартуда қолданылады.
Кеңестің ұсыныстары ғылымды басқарудағы мәселелерді шешуге, мысалы, мемлекеттік ғылыми техникалық сараптама жүргізу мерзімдерін жылдан жылға сақтамау және соның салдарынан ғылыми жобалар мен бағдарламаларды уақтылы қаржыландырмау сияқты мәселелерді шешуге арналды.
Сонымен қатар, Кеңес бір жылға арналған жұмыс жоспарын бекітті.