Жас ғалымдар Ғылыми омбудсмен қызметін тағайындауды ұсынды
Астанада Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының Жас ғалымдар кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Іс-шара барысында жас ғалымдар ғылыми қызметкерлерге қатысты заң жобасын талқылап, өз ұсыныстарын ортаға салды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәселен заңда арнайы лауазымды тұлға – Ғылыми омбудсменді (ғалымдар мен ғылыми қызметкерлердің құқықтары бойынша Өкіл) сайлау ұсынылды. Ол Ұлттық ғылым академиясы жанында жұмыс істейтін болады.
Бұл шара ғалымдар мен ғылыми қызметкерлердің құқықтары мәселесін жақсартуға бағытталған және мемлекет тарапынан осы мамандық өкілдеріне қамқорлық көрсетуге арналған.
Ғалымдардың айтуынша, аталған қолдау шаралары ұлттық ғылыми жүйені нығайтуға және ғылым саласын әсіресе жастар үшін тартымды етуге мүмкіндік бермек.
Осыған қоса жиналғандар заңға "Жас ғалым" мәртебесін енгізу қажет екенін жеткізді. Себебі, осы күнге дейін мұндай тұлға заңда нақты көрсетілмеген. Сондықтан жиынға қатысқандар бұл мәселеге қолдау білдіруге үндеді.
Мемлекет ғалымдардың мәртебесін заңнамалық деңгейде де, құқық қолдану деңгейінде де күшейтуі қажет. Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы жоғары ғылыми ұйым ретінде ғалымдар мен ғылыми қызметкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың негізгі кепілдерінің біріне айналуы тиіс. Парламент депутаттары мен Ғылым және жоғары білім министрлігін біздің заңнамалық бастамаларымызды қолдап, ғалымдардың құқықтық мәртебесін нығайтуға қомақты үлес қосуға шақырамыз, - деді Ұлттық Ғылым академиясының жас ғалымдарының омбудсмені PhD Муслим Хасенов.
Айта кетейік, Жас ғалымдар кеңесі 2024 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған. Биыл ұйым арнайы орган ретінде тіркелді.