Жас ғалым өнімділікті арттыратын тыңайтқыш ойлап тапты
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің ғылыми зерттеу департаментінің ғылыми қызметкері, PhD доктор Бақыт Смайлов өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу арқылы ауыл шаруашылығы саласында топырақ құнарлығын арттыратын тыңайтқыш алу бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
Жас ғалымның "Ауылшаруашылық өнімділігін арттыру үшін гуматқұрамдас тыңайтқыштарды алудың технологиясын жасап шығару жобасы" Ғылым және жоғары білім министрлігінің жас ғалымдардың 2022-2024 жылдарға арналған конкурсында жоғары бағаланып, грант ұтып алды. Жоба жақсы нәтиже көрсетіп, өңір шаруаларының қызығушылығын тудырған.
Елімізде ауыл шарушылығы саласында топырақтың құнарлылығын арттыру өзекті мәселе болып отыр. Сондықтан мен өз жобамда жинақталған қалдықтардың құрамындағы заттарды бөліп алып, қажеттілікке жаратуды қолға алдым. Ол үшін Түркістан облысының Төле би ауданындағы Ленгер көмір кен орнының қалдықтары зерттеліп, гуминқұрамдас қомпоненттердің нәтижесінде гуминқышқылдар алынды. Бұл органикалық қосылыстар органаминералды тыңайтқыштар үшін таптырмас шикізат көзі. Қазір зерттеу жұмыстары оң нәтиже беріп, ол өндіріске енгізілді. Оңтүстік өңірдің шаруаларымен бірлесіп, тыңайтқыш сынақ ретінде қолданылды. Нәтижесінде топырақ құнарлылығы жақсарып, өнімділік артты, - деп атап өтті Бақыт Мәткерімұлы.
Қазіргі таңда жоба патенттеліп, авторлық құқық алынды. Алдағы уақытта ауыл шаруашылығына қажетті тыңайтқышты өндіріске шығару жоспарланып отыр.