Жас депутат «сақалды» құрылыстардың мәселесін көтерді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында депутат Мәди Ахметов Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевқа сауал жолдады. 

Елімізде құрылысы ондаған жылға созылған жобалардың саны азаяр емес. Басы бар, аяғы жоқ нысандардың бастапқы құны жыл санап еселеп артып жатыр. Бұл өз кезегінде халықтың салығынан жиналған миллиардтаған қаржының құмға сіңген судай тиімсіз игерілуінің айқын көрінісі. Аталған мәселеге қатысты Мемлекет басшысы Үкіметке тиісті тапсырма бергенімен, орындалуы әлі де ақсандап тұр, - деді Ахметов. 

Оның айтуынша, аймақтардағы жобалардың біріне қаржы жетпесе, бірінің мердігері жауапсыз. 

Салдарынан екі ортада жұртшылық әбігерге түсіп, билік пен бұқараның ортасында түсініспеушілік туындап отыр. Үкімет құрылысы жыр болған нысандарды аяқтаудың орнына жыл сайын жаңа жобаларды қаржыландыруын тоқтатар емес.Әлі күнге дейін еліміз бойынша аяқсыз қалған жобалардың нақты тізімі жоқ. Ұлттық экономика, Қаржы министрліктері мен аймақтық әкімдіктер ұсынған ақпарат бір-біріне кереғар, мүлде сай келмейді. Жергілікті әкімдіктер ұсынған мәліметтерге сәйкес Қарағанды облысында 27 нысан, елордамызда 16, Түркістан облысында 11, Маңғыстау облысында 10 нысан тұралап, «сақалды» құрылыстың көшін бастап тұр. Олардың көбі халық игілігіне жарайтын әлеуметтік нысандар, яғни балабақша, емхана мен мектептер, - деді Мәди Ахметов. 

Оның айтуынша, 2014 жылы бастау алған Өскемен қаласындағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының, сондай- ақ осыдан 8 жыл бұрын «Саламатты Қазақстан» бағдарламасымен басталған Семей мемлекеттік медицина университеті жатақанасының құрылыстары қаржы жетіспеушілігінен жылдар бойы тоқтап тұр. 

Қос жобаны аяқтауға қосымша 3,5 млрд теңге қажет.

Ең болмаса Мемлекет басшысы жариялаған Балалар жылының аясында құрылысы 2013 жылы басталған Қарағанды қаласындағы 200 орындық облыстық көпсалалы балалар ауруханасын, осыдан 9 жыл бұрын Жезқазған қаласында кірпіші қаланған 320 орындық балабақшаны ағымдағы жылдың соңына дейін іске қосуды сұраймыз. Жоғарыдағы мысалдарды тізбектей беруге болады. Күнде ертеңнен шаршаған халық, құр уәдеге сенуден қалған. Сол себепті әр нысан бойынша нақты шешім қажет,-  деді ол. 

Депутат жоғарыда баяндалған мәселеге қатысты келесі ұсыныстарды негізгі алуды сұрады. 

-          ел аумағындағы құрылысы ондаған жылға созылған нысандардың нақты, әрі жүйелі тізімін тез арада жасақтауды;

-          тұралап қалған әр нысан, оның ішінде әлеуметтік объектілерді аяқтау бойынша іс-әрекет жоспарын даярлауды;

-          ауқымды, қаражатты көп қажет ететін жобалар бойынша арнайы инвестициялық ұсынымдарды даярлауды пысықтау.

Үкімет бұл мәселені ерекше бақылауға алып, қабылданған шаралар туралы заңнамамен белгіленген мерзімде жазбаша түрде хабарлауыңызды сұраймыз, - деді ол. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы