Жас дәрігерлерді қолдауға арналған бағдарлама іске қосылды
Қарағанды облысында еңбек жолын жаңа бастаған ауыл дәрігерлеріне 1,5-нан 5 миллион теңгеге дейін қолдау қаражаты берілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Өңірде алғаш рет жас мамандарды ынталандыру бағдарламасы басталды. Мұндай қолдау шарасы ауылдағы кадрлар тапшылығын шешуге көмектеседі.
Ермағанбет Бөлекпаев аудандарда жұмыс істеуге дайын мамандармен кездесті.
Сіздердің алдарыңызда өте жауапты міндет тұр – адамдарды емдеу және құтқару, ауылдағы медицинаның сапасын жақсарту. Мен сіздердің әрқайсыларыңызға сенемін, өйткені мұндай қиын мамандықты таңдайтындар қатары қалың емес, – деді жас мамандарға Ермағанбет Бөлекпаев.
Алғашқы 12 дәрігер сертификат алды. Олардың ішінде жалпы тәжірибелік дәрігерлер, анестезиолог-реаниматолог және акушерлер бар. Олардың барлығы Қарағанды және Астана қалаларындағы медициналық ЖОО-ның түлектері, "Дипломмен ауылға! " бағдарламасына қатысушылар. Сондықтан, алынған ақшалай сертификаттардан басқа, оларға 100 АЕК мөлшерінде біржолғы көтерме жәрдемақы және басқа да әлеуметтік жеңілдіктер беріледі.
Жақында жас дәрігерлер Абай, Бұқар Жырау, Қарқаралы, Нұра, Осакаров аудандарының ауруханаларына барады. Олардың арасында Қарағанды медицина университетінің түлегі Сәнім Қапият бар.
Мен Қарқаралыда туып-өстім. Қарағанды медицина университетінде грантта оқып, резидентураны бітірдім. Екі мамандығым бар: хирург және анестезиолог-реаниматолог. Оқуды бітіргеннен кейін туған қалама оралу туралы шешім қабылдадым, аудандық ауруханада жұмыс істеймін. Ол жерде тәжірибеден өттім, болашақ әріптестеріммен таныстым. Олар әрқашан көмектесуге дайын. Мұндай қолдау жас маман үшін үлкен ынталандыру болып табылады, – дейді Сәнім Қапият.
Дария Әбілсейітова – Осакаров ауданының тумасы, Астана медицина университетін бітірген.
Бала кезімнен дәрігер болуды армандадым. Мүмкін, жиі ауырып, ауруханада жатқандықтан шығар. Дәрігерлердің еңбегі үнемі көз алдымда болды. Енді мен өзім жалпы тәжірибелік дәрігермін. Туған жерім Осакаровкаға ораламын, науқастарды қабылдай бастаймын. Тәжірибе жинаймын, өйткені біздің ауруханада керемет мамандар жұмыс істейді, – дейді Дария.
Қарағанды облысының ауылдарында медицина сапасын арттыру – алдағы екі жылдағы негізгі міндет. Өңірге Алматы, Астана және Ақтөбе облыстарынан жас медицина қызметкерлерін тарту жоспарлануда.
Біз ауылдарда 92 денсаулық сақтау нысанын саламыз. 69 медицина қызметкерін жұмысқа орналастырамыз. "Дипломмен – ауылға! " бағдарламасы бойынша жас мамандарды тартуды жоспарлап отырмыз. Міндетті көтерме қолдаудан басқа, олар 1,5-нан 5 миллион теңгеге дейін қосымша қаржылық қолдау алады. Жалпы тәжірибе дәрігерлері, анестезиолог-реаниматологтар, акушер-гинекологтар, педиатрлар 5 миллион теңгеден алады. Бейінді мамандықтағы дәрігерлер – 3 миллион теңгеден. Ал орташа медперсонал – 1,5 миллион теңгеден, – деп атап өтті Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегенова.
Сондай-ақ, Қарағанды облысында әріптестерін оқытатын және олар үшін шеберлік сабақтарын өткізетін жоғары білікті медициналық жаттықтырушылар пулы пайда болады. Ол үшін өңірде дәрігерлерді шетелге тағылымдамадан өтуге кезең-кезеңімен жіберу көзделіп отыр.