Жас босанған аналарға 700 мың теңге мен тегін сүт беріледі
Қытайда жас босанған аналарға ақша беріліп, тегін сүт таратылатын болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Zhōngguó Wǎng мемлекеттік порталының мәліметінше, Ішкі Моңғолиядағы Хух-Хото билігі бала туу көрсеткішін көтеріп, аналарға қаржылай көмек пен тегін сүт беру туралы шешім қабылдаған.
Хух-Хотода жас ата-анаға тұңғыш баласы үшін 10 мың юань (шамамен 688 мың теңге) көлемінде бірреттік төлем жүргізіледі. Ал екінші балаға ол бес жасқа толғанға дейін жылына 10 мың юань берілсе, үшінші бала үшін – 10 жасқа дейін осы мөлшерде ақша төленеді. Бұл сома жергілікті тұрғындардың орташа табысынан біршама жоғары.
Одан бөлек, "Аналар үшін бір стақан сүт" бағдарламасы іске қосылды. 1 наурыздан кейін босанған әйелдер күн сайын тегін сүт ала алады.
Қытайда үшінші жыл қатарынан халық санының төмендеуі анықталып отыр.
2024 жылы неке саны рекордтық 20%-ға қысқарған. Сарапшылар демографиялық дағдарыстың шешімін үш балаға дейін тууға рұқсат беру арқылы шешу қажет деп отыр. Алайда ол да әзірге жеткіліксіз.