Президент кубогінің финалындағы жеңілістен соң екі есе көп еңбектенемін – боксшы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада өткен бокстан Президент кубогі додасы ересектер қатарына енді өткен жас спортшыларға үлкен тәжірибе сыйлады, деп жазды Оlympic.kz.

Бұл турнирде жастар құрамасынан қанаттанған Талғат Шайкен, Дамир Тойбай, Айбек және Нұрбек Оралбайлар бақ сынаған болатын. 

Ірі халықаралық турнирдің финалына дейін сүрінбей, Олимпиада жүлдегері Василий Левитке есе жіберген Айбек Оралбай жарыстан алған әсерімен бөлісті.  

«Президент кубогіне жақсы дайындықпен келдік. Ұлттық құрама сапында үзіліссіз жаттығу жасап, өз мықтылығымызды дәлелдеуге тырыстық. Осы аралықта бізді бақылауда ұстап, бағыт көрсеткен бапкерлерімізге рахмет. Ал турнирге келер болсам, үш кездесу өткізіп, финалда жеңіліп қалдым. Бірінші және екінші жекпе-жекте Өзбекстан мен Қытай спортшыларынан басым түскен едім. Ақтық айқаста Василий Левитке есе жібердім. Сөз жоқ, финалда маған тәжірибе жетпей қалды. Бұл жеңіліс менің алға басуыма серпін береді. Енді еке есе артық еңбектеніп, екі есе артық жаттығамын. Финалдағы жеңіліс алдағы мақсаттарыма жету үшін үлкен қамшы болары анық. Бұдан соң ірі жеңістер күтеді», - дейді Айбек Оралбай. 

Айбек Оралбай 2018 жылы өткен жасөспірімдер Олимпиадасының чемпионы. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы