Жас археологтар алғашқы экспедициядан оралды
Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Павлодар облысындағы археологиялық мектептің шәкірттері алғашқы экспедияларынан оралды.
Қазба жұмыстары Аққулы ауданындағы Бөрлі көлінің маңайындағы ежелгі қорымдарда жүргізілді.
Оқушылар қазба жұмыстарына аттанбас бұрын бірнеше ай бойы теориялық білімдерін молайтты. Кейін нағыз экспедицияға аттанды. Бөрлі көлінің маңында ғалымдар тобы неолит және энолит дәуірінде өмір сүрген адамдардың тыныс-тіршілігі, мәдениеті мен салт-жоралғыларын зерттеп жатыр.
Біз алты мың жыл бұрын өмір сүрген тайпалардың өмір сүрген жерлерін көрдік. Екі орманның ортасындағы көл жағасынан жылқылардың сүйектерін таптық. Экспедиция барысында біз күн арқылы бағдар жасауға, дәрілік өсімдіктерді пайдалануды, тарихи ескерткіштерге зақым келтірмей қазуды үйрендік. Тәжірибелік білімдерімізді ғылыми мақала ретінде жазып, Сәтбаев оқулыраны қатысуды жөн санадық, - дейді археологиялық мектептің шәкірті Айдана Бүркітбай.
Жалпы, Бөрлі көліндегі ескерткіштер 10 жыл бұрын табылып, сол кезден бері қазба жұмыстары үздіксіз жүргізіліп келеді. Археологтар Ертіс өңірінде мыңдаған жыл бұрын өмір сүрген адамдардың тұрмысы мен мәдениеті туралы тың мағлұматтар жинастыруда.
Бұл жерде алғашқы малшылар қоныстанды. Себебі осы аумақтан үй жануарларының сүйектері көптеп табылды. Әсіресе, жылқы сүйегі көп. Сол тайпалар отырықшылық тұрмыс кешкен деген пайым бар. Жабайы жылқы мен осы жерден табылған жылқының сүйектері бір-біріне ұқсамайды. Сондықтан, жылқылар осы аумақта алғаш рет қолға үйретілген деген пікір де бар. Ал ежелгі адамдар ет және сүтпен қоректенуі мүмкін. Оның қыш ыдыстардан алынған сынамаларды зерттеу арқылы ғана білетін боламыз, - дейді археологиялық зерттеулер орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Виктор Мерц.
Экпедиция мүшелерінің айтуынша, оқушылардың ежелгі адамдар тарихына деген қызығушылығы ерекше.
Өңіріміз археологиялық ескерткіштерге бай. Оқушыр өлкеміздің тарихын зерттеуге өз үлестерін қоспақшы. Бұл жерден сүйегі толықтай сақталған жылқы табылды. Археология мектебінен 11 тәлімгер келіп, ғалымдарға көмектесті. Олар үшін археологиялық тәжірибе қажет. Себебі, алдымен үш айы бойы білім алды, ғылыми мағлұматтармен танысты. Ұл-қыздар өткен тарихпен қазба жұмыстары арқылы танысса, нұр үстіне нұр. Араларында болашақ ғалымдар, тарихшылар бар шығар, - дейді облыстық оқушылар сарайының педагогі Әсемгүл Бейсенбинова.
Өкініштісі сол, бірегей археологиялық тұрақтар жыл сайын көл суымен шайылып жатыр. Ғалымдар су айдынының жағасын геотекстиль сияқты материалмен бекітіп, ескерткіштерді сақтап қалмақшы. Мамандардың айтуынша, көл көлемі жылдан жылға ұлғайып келеді.