Жас қарағандылықтар қызылшаға және қызамыққа қарсы тегін екпе алады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысында қыркүйек айында қызылша мен қызамыққа қарсы қосымша екпе жасалады. 20-дан 29 жасқа дейінгі адамдарды, ішкі істер органдарының қызметкерлері мен қамаудағыларды тегін егетін болады.

Облыс әкімдігінен хабарлағандай, барлығы 146 мың адамды егу жоспарлануда. Ол үшін Үнді елінде өндірілген дивакцинасын сатып алынды.

"Қызылша салдары мен асқынуларымен қауіпті. Мониторинг нәтижелері бойынша ересектер арасында қызылша мен қызамық дертімен көбінесе 20-29 жас аралығындағы адамдар ауырады. Осыған байланысты ағымдағы жылдың қыркүйек айынан бастап қосымша екпе жасау туралы шешім қабылданды", - деп хабарлады Қарағанды облысы бойынша тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлжан Байғұтанова. 

Вакцинацияға жүкті, бала емізетін аналар, сондай-ақ аллергиядан зардап шегетін адамдар жатпайды. 
Екпелер тіркелген жердегі емханаларда тегін жасалады.

Науқанның негізгі мақсаты – қызылша ауруының таралуының алдын алу болып табылады.

Сондай-ақ облыста тұмауға қарсы екпе жасалады. Екінші және үшінші үшайлықтағы жүктілігі бар әйелдер, алты айдан асқан жиі ауыратын балаларға және қауіп тобындағы адамдарға екпе тегін жасалады. Қалғандары ақылы негізде вакцинациядан өтуіне болады. Өңірде «Гриппол+» вакцинасының 150 778 дозасы сатып алынды.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы