Жас ғалымдардың I-ші халықаралық форумы өтеді

Астана, BAQ.KZ. Астанадағы Қазақ ұлттық аграрлық университетінде Жастар жылы аясында «Жас ғалымдардың отандық агроөнеркәсіптік кешенінің индустриалды-инновациялық дамуына үлесі» I-ші халықаралық форумы өтеді.

Форумының мақсаты – Қазақстан Республикасының аграрлық ғылымы мен агроөнеркәсіптік кешенінің маңызды міндеттерін шешуде жас ғалымдардың шығармашылық белсенділігін дамыту және интеллектуалды күштерін біріктіру.

Форумда агротуризм, өсімдік шаруашылығындағы агроинновация, табиғи ресурстарды басқару, жаңа технологиялар және агротехникалық құралдар, мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы, ветеринария, жасыл экономика, су ресурстарын басқару бағыттары бойынша ҒЗТКЖ (ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар) нәтижелері мен жастардың «start-up» жобалары таныстырылады.

Форум жұмысына ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ, Ғылыми-зерттеу институттары мен «Даму» қорының өкілдері, аграрлық жоғары оқу орындарындағы Жас ғалымдар кеңесінің мүшелері, Қазақстанмен қатар Түркия, Польша, Сербия, Болонья, Ресей, Украина, Тәжікстан, Әзірбайжан, Өзбекстан және т.б. елдерінің білікті мамандары мен жас ғалымдары қатысады, деп күтілуде.

Форумда жас ғалымдардың кәсіби құзіреттілігін қалыптастыруға мүмкіндік беретін тәжірибе алмасулар, мастер-класстар өтеді. Форум форматы білікті мамандар мен жас ғалымдардың бір-бірімен пікір алмасып, ғылыми-шығармашылық байланыстарын дамытуға бағытталған.

Форум аясында университетте дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Халықаралық қысқы мектеп-2019» (11-23 ақпан аралығы) шарасы ресми ашылып, өз жұмысын бастайды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы