"Жарықты ойына келген бағамен сатады". Депутат трансформатор иелері әрекетін реттеуді сұрады
Мәжіліс депутаты Данияр Қасқарауов Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтен электр энергиясының тарифтерін көтеретін жеке энергетикалық компаниялармен мәселені шешуді сұрады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Еліміздегі энергетика саласын кім көрінген жеке басына пайдаланатын болды. Мәселен, Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты Кемертоған ауылында жекеменшік 160-тан астам подстанция бар екен. Әр трансформатор иесі жарықты ойына келген бағамен сатады. Бір киловатт құны 28 теңге мен 47 теңге аралығында. Халық қит етсе, “жарықты өшіремін” деп қоқаңдайды, - дейді депутат.
Қасқарауов мәселеде бірнеше сұрақ туындап отырғанын айтты.
Неліктен энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы мемлекеттік саясатқа бақылау жүргізілмейді? Жекеменшік иелері трансформаторларға техникалық шарттарды, инженерлік желілерді жүргізуге қалай рұқсат алған? Желілер заңдылығын кім тексереді? Электр қуатына қосылу құны 350 мың теңгеден 700 мың теңгеге дейін және одан жоғары екен. Неліктен жергілікті электр нарығы және негізделген шығындар мен кірістер пайызы тексерілмейді? Электр нарығы бақыланбайды. Бұл электр қуатын ұрлау, жатыпішер делдалдық емес пе? Кейбір жекеменшік иелері заңнан жалтарып, ауылда тұтынушы кооперативін ашып, жарық сатып жүр. Мұны қалай түсінуге болады? – деп сұрақ қойды депутат отырыста.
Данияр Қасқарауов енді ЖШС-лар мен жеке кәсіпкерлер тұтынушы кооперативін құрып алып баяғы әдетіне салатынын жеткізді. Депутат Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтен осы мәселені бақылауға алып, шешуге уәде бере ала ма деп сұрады.
Энергетика министрінің айтуынша, салада мұндай проблема бар.
Бұған дейін өңірлерде жеке кәсіпорындар өзінің меншікті қосалқы станцияларын салған. Олар меншік иесі болғандықтан және тұрғын үй қоры мен кәсіпорындарды дамыту аясында қосалқы станцияларын, бұл қосалқы станциялардың қосалқы абоненттерге тегін электр қуатын пайдалана отырып қызмет көрсету мүмкіндігі бар. Олар реттелмейді, яғни бағалар келісіледі. Осыған байланысты белгілі бір бұрмалау бар, өйткені тұтынушыларда басқа көздерден электр энергиясын алудың баламасы болмайды, - деді Сәтқалиев.
Оның айтуынша, қазір осындай активтерді немқұрайлы иелерден өңірлік жергілікті электр желілік компанияларға беру туралы жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Экономиканы монополиясыздандыру жөніндегі комиссия мұндай шешімдерді қабылдаған.
Егер осы объектілерді пайдалану сапасына қолдау көрсетілмейтін фактілер болса, ұрлық фактілері болса, онда біз үкімет ретінде бұл мәселені, атап айтқанда, осы жағдай бойынша қарастыруға дайынбыз. Министрлік деңгейінде қажет болған жағдайда жеке монополист бойынша шешім қабылдау үшін комиссия деңгейіне шығарылады. Мен сізге бұл мәселе біздің бақылауымызда болады деп уәде беремін. Біз қазірдің өзінде жүйелі түрде айналысып жатырмыз, - деп жауап берді Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев депутаттың сұрағына.