Бүгiн 2026, 14:34 Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Алатау жобасындағы өрескел қателіктерді сынады

Президент Алатау жобасы мен өңірдегі шынайы жағдайдың арасындағы қарама-қайшылықты ашық айтты.

Alatau Smart-City салу міндеттері мен Алматы облысындағы нақты әлеуметтік-экономикалық жағдай арасында айқын қарама-қайшылық бар. Мұндай мәлімдемені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жасады.

Президенттің сөзінше, жаңадан құрылып жатқан заманауи шаһарға қосылған елді мекендердің тұрғындары әлі күнге дейін қарапайым тұрмыстық жағдайға зәру болып отыр.

Жетіген, Қоянқұс және тағы басқа ауылдардың тұрғындары тұрмысқа қажетті қарапайым жағдайдың жасалмағанын айтады. Электрдің жиі өшуіне қатысты арыз-шағымның көптігін былай қойғанда, тұрақты интернеттің, сапалы жолдың, орталықтандырылған судың жоқтығын алға тартады, – деді Мемлекет басшысы.

Мұндай өзекті проблемалар тек аталған ауылдарда ғана емес, бүкіл Алматы облысы аумағында белең алып тұр. Нақты деректерге сүйенсек, өңірдегі электр желілерінің тозу деңгейі 70 пайызға жуықтаған. Соның салдарынан 2025 жылы электр қуатының өшірілуі 919 рет тіркелсе, 2026 жылдың басынан бері 201 мәрте қайталанған.

Президент қаланың жаңа аудандарында инженерлік коммуникация тарту жұмыстарының әлі күнге дейін жобалау сатысынан аса алмай жатқанына шұғыл назар аударды. Мәселен, үш қосалқы станцияны жөндеу және су алу қондырғысының қуатын арттыру жобалары белгіленген кестеден айтарлықтай кешігіп жатыр.

Alatau Smart-City салу міндеттері мен өңірдегі нақты әлеуметтік-экономикалық жағдай арасында қарама-қайшылық айқын байқалады. Мұны ашық айтайық. Бұл жағдайды Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың, сонымен қатар, әкім Марат Сұлтанғазиевтің тарапынан жіберілген олқылық деп санаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы өз сөзінде энергия тапшылығын шешу мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі таңда сарапшылар мен жауапты тұлғалар жаңа электр станцияларын салуды ғана талқылап, еліміздің энергияны қаншалықты көптеп жоғалтып отырғаны туралы негізгі сауалды назардан тыс қалдырып келеді.

Бұған дейін Тоқаев Alatau City жобасына қатысты ескерту жасаған еді.