Жарылыстан зардап шеккендердің жағдайы белгілі болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы жарылыстан зардап шеккендердің жағдайы белгілі болды.

Бұл туралы Жамбыл облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев айтып берді.

Бүгінгі күні Тараз қалалық №1 көпбейінді ауруханасында жарақат алған 28 науқас бар. Олардың жағдайы қалыпты. Жағдайларының нашарлауы байқалмайды. Оның ішінде төртеуінің жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр. Жансақтау бөлімінде жатыр. Бірақ өмірлеріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Соңғы үш күн бойы көрсетіліп жатқан медициналық көмектің арқасында жағдайларының жақсарып келе жатқанын байқап отырмыз, - деді ол.

Алғашқы күні жансақтау бөліміне жарақат алған 6 науқас түскен. Қазіргі күні олардың екеуі бөлімшеге ауыстырылды.

Науқастардың жарақаттарын емдеуге мекемеде дәрі-дәрмектер, таңуға арналған медициналық бұйымдардың қоры жеткілікті. Барлығы дәрігерлердің бақылауында. Бірінші күні жағдайды ескере отырып, Ұлттық орталықтан білікті мамандарды шақырдық. Олар келіп кетті. Біздің жасап жатқан ем-домымызбен олар келісті. Алдағы уақытта емдік жұмыстарды жалғастыра береміз, - деп түсіндірді дәрігер.

Әсет Қалиев жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатқан науқастарға қандай диагноз қойылғанын айтып берді.

Қосалқы жарақаттар алғандар жатыр. Күйік шалған, сүйегі сынған, жаралары бар науқастар. Ауруханаға түскен кезде жарақат салдарынан оларда шок болған, - деді дәрігер.

Ауруханаға бастапқы кезде 98 адам түскен. Байзақ ауданындағы аурухана мен қалалық ауруханаға медициналық көмекке жүгінген пациенттердің жалпы саны 105.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы