Қорғаныс министрі жарылыстан қаза тапқан әскери қызметшінің отбасына көңіл айтты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Үкімет кулуарында Арыста жарылыстан қаза тапқан әскери қызметшінің отбасына көңіл айтты.
«Аманжол Ақышевтің туған-туыстарына көңіл айтамыз. Отбасының қайғысына ортақпыз. Бұл олар үшін ғана емес, Қарулы күштер үшін де орны толмас қайғы», - деп көңіл айтты қорғаныс министрі.
Еске сала кетсек, 11 қазанда Арыс қаласынан 60 шақырым жердегі арнайы жабдықталған полигон аумағында жиналған оқ-дәрі фрагменттерін жою кезінде оқ-дәріге уақытынан бұрын детонация жасалған. Салдарынан топ жетекшісі, әскери бөлімнің инженерлік қызметінің бастығы, майор А.С. Ақышев қаза тапты.
Оқиға орнынан жеткен ақпаратқа сәйкес, жұмыс қажетті қауіпсіздік шараларын сақтай отырып жүргізілген. Орын алған оқиғаның нақты себебі мен салдары анықталып жатыр. Арнайы тергеу тобы жұмыс істейді. Қорғаныс министрлігінің хабарламасында бұл жағдай полигонға жақын орналасқан қала тұрғындарына қауіп төндірмейтіні, өңірде үздіксіз бақылау жүргізілетіні айтылған.