“Жарылыстан кейінгідей”: Алматы-1 теміржол вокзалының жағдайы жолаушыны шошытты
Пойыз жолаушылары Алматы-1 теміржол вокзалының қазіргі жағдайына назар аударды. Олардың айтуынша, ғимараттың келбеті адам шошырарлық, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Гүлнар есімді қазақстандық әйел желіде Алматы-1 вокзалының жағдайы өзін қатты таңғалдырғанын жазды.
Бүгін Алматы-1 вокзалында болдым. Жеңіл тілмен айтқанда, шок болып шықтым, жарылыстан кейінгідей. Туысым жолсерік болып істейді, бүкіл Қазақстанда осылай дейді, тіпті кішкентай станциялар да осы күйде, – деп жазды ол.
“Қазақстан темір жолы” АҚ ел бойынша теміржол вокзалдарын жаңарту жұмыстары жүріп жатқанын растады.
Алматы-1 вокзалы – елдің негізгі көлік тораптарының бірі және қаланың маңызды инфрақұрылымдық нысаны. Күніне 2,5 мыңнан астам жолаушы қызметін пайдаланады. Объект соңғы рет 18 жыл бұрын жөнделген. Ғимарат пен арал перронының техникалық жағдайына жасалған сараптама нәтижесінде нысанның конструкцияларын күшейтіп, қазіргі заманғы қауіпсіздік пен жайлылық стандарттарына сай жаңарту қажет екені анықталды. Темірбетон платформасы толығымен ауыстырылмақ, – деді компания.
Мекеме өкілдерінің айтуынша, реконструкция нысанның қауіпсіздік деңгейін арттырып, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қолайлылығына да көңіл бөледі.
Еске салайық, бұған дейін Алматы метросында “Оңай” істемей, жолаушылар метроға кіре алмағанын хабарладық.