Бүгiн 2026, 12:49 Фото: ©BAQ.KZ/Сырым Рахимбеков

Жарылыстан кейінгі Щучинск: Күйген ғимарат, үнсіз аула – фоторепортаж 

Щучинск өрттен кейінгі таң: оқиға орнынан фоторепортаж.

26 ақпанда Щучинск қаласындағы бес қабатты тұрғын үйге іргелес салынған бір қабатты дәмханада газ-әуе қоспасының жарылысы болып, салдарынан 7 адам қаза тауып, 28 адам зардап шекті. Қазіргі уақытта өрт толық сөндірілді, алайда оқиға орнында шұғыл қызметтер жұмысты жалғастырып жатыр. BAQ.KZ тілшісі оқиға орнына барып, өртенген дәмхананың қазіргі жағдайын өз көзімен көріп қайтты.

©BAQ.KZ/Сырым Рахимбеков

Ғимарат қатты зақымданған

Бір қабатты дәмхана жарылыс пен өрт салдарынан қатты бүлінген. Соққы толқыны терезелерді ұшырып, құрылыс конструкцияларының бір бөлігі қираған. Құтқарушылар мен полиция қызметкерлері әлі де аумақта жұмыс істеуде.

©BAQ.KZ/Сырым Рахимбеков

Ішкі бөлмелер түгелдей жанып кеткен. Мамандар тұрғын үйге қауіп бар-жоғын анықтау үшін жабындар мен көтергіш конструкцияларды тексеріп жатыр.

©BAQ.KZ/Сырым Рахимбеков

Газ баллондары шығарылды

Құтқарушылар үй-жайдан сегіз газ баллонын сыртқа алып шыққан. Олардың жағдайы мен оқиғадағы ықтимал рөлі тексеріс барысында анықталады.
Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері үйінділерді аршу жұмыстарын жалғастыруда. Арнайы техника жұмылдырылған, аумақ толық қоршауға алынып, қозғалыс шектелген.

©BAQ.KZ/Сырым Рахимбеков

Куәгерлер не дейді?

Көрші үйлердің тұрғындары жарылыстың алғашқы минуттарын еске алады: қатты дыбыс, лапылдаған от және бірден жеткен жедел қызмет көліктері.

Жергілікті тұрғын Арайдың айтуынша, бұл – баршаға ауыр соққы болған.

©BAQ.KZ/Сырым Рахимбеков

Өте ауыр жағдай. Жақынынан айырылған барлық отбасына сабыр тілейміз. Бұл – үлкен қасірет. Біз осы маңда тұрамыз, адамдарды танимыз. Қазір ең бастысы – бір-бірімізге қолдау көрсету, – дейді ол.

©BAQ.KZ/Сырым Рахимбеков

Дәмхана маңындағы дүкен сатушысы да сол сәтті толқып еске алды.

©BAQ.KZ/Сырым Рахимбеков

Терезе жанында тұрғанмын. Адамдар шұжық алуға кірген еді. Бір кезде қатты дыбыс шықты. Басымды бұра бергенімде, жарылыспен бірге от көрінді. Абыр-сабыр басталды. Адамдар сыртқа жүгірді. Біздің дүкенге күйік шалған үш адам кірді. Жедел жәрдем келгенше бәрі қозғалыста болды – көліктер, өрт сөндірушілер, полиция. Барлығы бір-біріне көмектесті, – дейді ол.

©BAQ.KZ/Сырым Рахимбеков

Қазіргі уақытта оқиға орны шұғыл қызметтердің бақылауында. Мамандар ғимарат пен аумақты толық тексеріп, жарылыстың себептері мен мән-жайын анықтауда. Тексеру жұмыстары толық көлемде жүргізіліп жатыр, қауіпсіздік шаралары сақталған.

©BAQ.KZ/Сырым Рахимбеков
©BAQ.KZ/Сырым Рахимбеков