Жартылай фабрикатталған өнімдерді өндіретін цех іске қосылды
Қызылордада жайма және жартылай фабрикатталған өнімдерді өндіретін цех іске қосылды,деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгінде жартылай дайын тамақтың түр-түрі бар. Бұл көбінесе қызметтегі әйелдер мен аналарға қолайлы.
Қызылорда қаласындағы жартылай фабрикатталған өнімдерді дайындайтын «Айша-Бибі» кәсіпкерлік нысаны енді қала тұрғындарына өз өнімдерін ұсынбақ. Онда тұшпара, манты, жайма, самса және т.б. өнімдер өндірілмек.
Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында мемлекеттен «Микробизнес Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығынан» 6 пайыздық мөлшерлемемен 3,5 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие алған Ұлпан Жаппасбаева қаржыны заманауи құрылғылар алуға жұмсағанын айтады.
Алғашында үш түрлі өнім шығардық. Ал қазір қала тұрғындарына едәуір танылып, өнім түрін 11-ге дейін ұлғайттық. Күніне әр тауар түрінен 10-15 килограмм өнім өндіріледі. Ең жоғары сұранысқа ие өніміміз – тұшпара мен жайма. Өнім сапасын куәландыратын лицензия да алдық. Алдағы уақытта кондитерлік өнім түрлерін шығаруды жоспарлап жатырмыз,-дейді ол.
Бүгінде цех 5 адамды жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпорын өнімдері жергілікті тұрғындарға қол жетімді бағада, қала дүкендерінде ұсынылып отыр.