Жарты жылда Қазақстанға 69 мыңнан астам қытайлық турист келген

Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяо қазақ-қытай байланысы және елдеріміздің туризм саласындағы жетістігі жайында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Әлемде белгісіздік пен тұрақсыздық күшейіп келеді. Халықаралық валюта қорының соңғы болжамына сәйкес, биыл әлемдік экономика 3,2%-ға өседі, бұл 2023 жылғы өсім қарқынынан төмен. Қытай экономикасы халықаралық ахуалдың тұрақсыздығы мен теңгерімсіз дамуы жағдайында қалпына келуді жалғастырып, “тұрақты” қолдау мен “алдыңғы қатарлы” қуаттылықты қамтамасыз етеді. Сондай-ақ реформалар арқылы жаңа өндірістік күштерді дамытуды жалғастырып, жоғары сапалы дамуға ықпал етіп, әлемдік экономикаға жаңа серпін береді. Қытай жаһандық экономикалық өсудің маңызды қозғалтқышы болып қала береді. Биылдың бірінші жартысында Қытайдың ІЖӨ жылдық есеп бойынша 5%-ға өсіп, әлемдегі ең ірі экономикалардың арасында үздік орынға ие болды, - деді дипломат.

Чжан Сяо атап өткендей, Қытай мен Қазақстан мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестер және модернизация жолындағы “әріптестер”.

Биылдың басынан бастап Сиань қаласындағы Қазақстанның көлік-логистикалық терминалы ресми түрде жұмыс істей бастады, ал Қазақстан арқылы өтетін Қытай-Еуропа жүк пойыздарының саны 10 мыңнан асты, бұл өткен жылмен салыстырғанда 20 күн ерте орындалды. Қаңтардан тамызға дейін екі ел арасындағы сауда көлемі 29,1 миллиард долларды құрап, жылдық есеппен 15,6%-ға өсті. Қытайдағы “Қазақстанның туризм жылы 2024” қызу жүріп жатыр және жылдың бірінші жартысында Қазақстанға 69 мыңнан астам қытайлық турист келді, - деп айтты ол.

Қытай елшінің сөзінше, Қытай-Қазақстан қарым-қатынасының келесі “алтын 30 жылы” екі елге дамудың жаңа тарихи мүмкіндіктерін ашады. Қытай Қазақстанға Төраға Си Цзиньпиннің Қазақстанға жасаған табысты сапарының нәтижесін пайдаланып, Қытай-Қазақстан бірлескен тағдыр қауымдастығын құруға және екі ел халықтарының экономикалық және әлеуметтік дамуына, әл-ауқатына оң энергия енгізуге дайын.

Дипломаттың айтуынша, ҚХР-дың құрылған күніне арналған мереке кезінде, яғни 1-7 қазан аралығында Қытайдың тұтыну нарығы жанданып, экономикалық белсенділік арта түскен. Статистикаға сәйкес, ел ішінде 765 миллион ішкі туристік сапар тіркелген, бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,2%-ға артық.

Ішкі туристердің жалпы шығындары 700,8 миллиард юань болды, бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,9%-ға артық. 2,519 миллион тұтынушы сегіз негізгі санаттағы тұрмыстық техникаларды (тоңазытқыштар, кір жуғыш машиналар, теледидарлар, кондиционерлер, компьютерлер, су жылытқыштар, тұрмыстық пештер, сорғыштар) сатып алып, сатылым көлемі 17,84 миллиард юаньға жетті. Қытайда кассалық түсімдер 2,104 миллиард юаньды құрап, кино көрермендерінің жалпы саны 52 миллионнан асты. Мереке кезінде елге және елден шыққан адамдар саны 13,098 миллионға жетіп, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25,8%-ға артық болды, - дейді Чжан Сяо.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан - архив
Өзгелердің жаңалығы