Жарты жылда 274 млрд теңге жәрдемақы төленді
Жыл басынан бері мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды төлеуге республикалық бюджеттен 244 млрд теңге жұмсалды, деп хабарлайды BAQ.KZ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Бұған қосымша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша шамамен 30,2 млрд теңге сомасына әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылды.
1 шілдедегі жағдай бойынша мүгедектігі бойынша МӘЖ алушылар саны шамамен 536,2 мың адамды, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша – шамамен 198,2 мың адамды құрады.
Мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері осы жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты 8,5%-ға өсті, биылғы 1 шілдеден бастап қосымша орта есеппен 14,5%-ға индекстелді.
Мысалы, 1 шілдеден бастап жалпы аурудан мүгедектігі бойынша МӘЖ мөлшері 1-топ үшін 89 248 теңгені, 2-топ үшін – 71 398 теңгені, 3-топ үшін – 48 681 теңгені құрады.
Бұдан басқа, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда МӘСҚ-дан әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылады. Мәселен, осы жылдың бес айының қорытындысы бойынша 92,2 мың адам еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша әлеуметтік төлем, ал 59,6 мыңға жуық отбасы асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем алды.
1 шілдедегі жағдай бойынша еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша әлеуметтік төлемдердің орташа мөлшері 33 454 теңгені, асыраушысынан айырылу бойынша – 34 423 теңгені құрады.