Жарты миллиард теңге: Қостанай әкімдігі тастөсеніштерді не үшін жаңартып жатыр?
Қостанайда тастөсеніштерді (брусчатка) жаңарту мен гранит жиектастарды орнатуға 551 миллион теңге бөлініп, екі жылға жоспарланған абаттандыру жұмыстары басталды. Бірақ бұл жобалар тұрғындар арасында наразылық тудырып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Дау неден туды?
Жазғы маусымда бұл жөндеу жұмыстары қала орталығының басым бөлігін қамтиды. Соның салдарынан тұрғындарға жүргінші жолының орнына көлік жолымен жүріп, шаң жұтып, уақытша қолайсыздықтарға төзуге тура келіп тұр. Бірақ басты мәселе бұл емес. Ең көп наразылық тудырған жағдай – тастөсеніштердің ауыстырудың қажеті жоқ жерлерде де оны қайта алмастыру.
Қаладағы ең тығыз қозғалысты көшелердің бірі Әл-Фараби даңғылы бойына гранит жиектастың орнатылуы Қостанай әкіміне қатысты қатаң сынға себеп болды. Өйткені 10 жыл бұрын қостанайлықтардың граниттің бетонға қарағанда бірнеше есе қымбат екеніне байланысты наразылығынан кейін әкімдік мұндай табиғи тасты пайдаланудан бас тартқан еді. Енді бюджеттік қаражаттың жетіспеушілігін жиі алға тартатын жергілікті билік қайтадан қымбат көше безендіру әдісіне жүгініп отыр.
Биыл көктем мен жаз айларында Қостанайда бірнеше тротуарда тастөсеніш ауыстыру жұмыстары қатар жүріп жатыр. Екі жылға жоспарланған абаттандыру жобасы аясында қала билігі шамамен 30 000 шаршы метр жаңа жабын төсеуді көздеп отыр. Биылдың өзінде ескі тастөсенішті алып тастап, орнына жаңасын төсеу жұмыстары 16 000 шаршы метр жаяу жүргінші аймағында жүргізіледі.
Әл-Фараби даңғылы бойында “Балалар әлемі” дүкенінің жанындағы тротуардан әлі де жарамды тастөсеніштерді алып тастап жатқанын көргенде қатты таңғалдым. Әбден жарамды плитка жатқан еді, тағы жүз жыл жатса да болатын еді. Ақша жұмсайтын басқа жер жоқ па?, – деп наразылығын білдірді қостанайлық тұрғын Наталья Папертная.
Қостанайлықтар әлеуметтік желілерде сапасы әлі де жарамды тастөсеніштер мен басқа тротуарларда да ауыстырылып жатқанына қатысты наразылықтарын жиі білдіруде. Тұрғындар тіпті тракторлардың бүтін плиткаларды алып, күрекпен жинап, бір жерге төгіп жатқанын бейнелеген видеолар да түсірген. Бұл мәселеге байланысты Қостанай қаласы әкімдігі мен жергілікті билік өкілдерінің блогтарында көптеген ашулы пікірлер жазылды.
Қала әкімі не дейді?
Осыған байланысты Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаевқа аппараттық жиналыста ескі тастөсеніштерді ауыстыру жөнінде түсініктеме беруге тура келді.
Тастөсеніштер тұрғындарға жақсы күйде көрінгенімен, барлық жерде олай емес. Біз оны ұсақ бөліктермен ауыстыра алмаймыз, сондықтан толық ауыстыру туралы шешім қабылданды. Бұл әкімдіктің емес, сапа орталығының шешімі. Олар зерттеу жүргізіп, тастөсеніштерді ауыстыру қажет деген қорытынды берді. Кей жерлерде плитка 15 жылдан астам уақыт жатқан, – деді қала әкімі.
Марат Жүндібаев кейбір тротуарлардан алынған тастөсеніштер қайта пайдаланылатынын айтты.
Оны қыстан кейін пайда болған шұңқырларды тегістеу үшін қолданылады. Осы мақсатта ескі тастөсеніш тасталмай, коммуналдық кәсіпорындардың аумағына жеткізілуде, – деді әкім.
Плиткалардың біреудің саяжайында немесе ауласында кетіп қалмауы үшін Қостанай әкімі бұзу процесіне бақылауды күшейтуді тапсырды.
Қаладағы Әл-Фараби даңғылының бір бөлігіне гранит жиектастар орнату үшін 51 миллион теңге бөлінген. Келесі жылы бұл жұмыс жалғасса, тағы кемінде осынша қаржы қажет болады. Граниттің құны бетоннан үш есе қымбат.
Жүндібаев бұл шешімін былай түсіндірді.
Орталық жобалар бойына гранит жиектасты ұзақ мерзімділігі мен эстетикалық көрінісін ескере отырып орнатып жатырмыз. Қаланың орталығы көрікті болуы керек. Сонымен қатар, біз қаланың сити-орталығын қайта жаңғыртуды жоспарлап отырмыз, сол аймақта граниттен жасалған тастөсеніш төселеді. Бұл тас материалының ұзақ мерзімге жарамдылығы мен сұлулығын ескерсек, орынды шешім, – деді қала әкімі.
Алайда, бұл уәжбен келіспейтіндер де бар. Тұрғындар бұрын орнатылған гранит жиектастардың бүгінде жарылып, сынып қалғанын, әсіресе Уральская көшесінде олардың жағдайы өте нашар екенін алға тартады. Сонымен қатар, бұл тастың кірленіп, сұлулығы тез жоғалатыны да сынға алды.
Қостанайда гранит өндірілмейді. Оны сырттан тасымалдау жергілікті кәсіпкерлерге соққы әрі бюджетке тиімсіз. «Декор Бетон» ЖШС бетон жиектастарын арзан әрі сапалы етіп шығарса да, әкімдік бұл кәсіпорынға тапсырыс бермеген.
Мәселенің түп-төркіні инфрақұрылым нашарлығында. Қалада нөсерлік кәріз жүйесі жоқтың қасы. Күшті жауыннан кейін көшелерді су басады, соның кесірінен жиектастар қандай материалдан жасалса да бүлініп жатыр. Бұл фактор әкімдік шешімдерінде ескерілмеген.
Қостанай қаласының әкімдігі 2017 жылы ресми түрде гранит жиектастарынан толық бас тартатынын жариялаған болатын. Бұған себеп олардың қымбат бағасы, жеткізу мен орнатуға кететін шығындардың көптігі. Сол кезде әкімдік жергілікті өндірушілердің арзан бетон жиектастарын таңдаған еді. Алайда бар болғаны 5 жылдан кейін, 2022 жылы, Қостанай әкімі гранит сәніне қайта оралды.