Жарты ғасыр жөнделмеген желі. Жылу маусымына дайындық қалай

Павлодар қаласында әбден тозған жылу желілерінің үлесін азайту мақсатында кешенді жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

Қазіргі уақытта облыстағы инженерлік желілердің 92%-ы тозған.

«Павлодар жылу желілері» кәсіпорнының директоры Марат Иманаевтың айтуынша, ТМ-20 нысаны Павлодар қаласындағы ірі әрі тозығы жеткен желілердің бірі. Сегіз жылдық жылу құбыры жарты ғасырдан астам уақыт үздіксіз қолданыста болған.

Магистраль үшінші жылу орталығынан тартылған негізгі құбыр ретінде салынды. Желі екі амортизациялық мерзім бойы қызмет етті. Қазіргі уақытта нысан «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы бойынша реконструкциялау жобасының бірінші кезеңіне кірістік. Биыл шамамен 250 метрін ауыстырып жатырмыз. Жоба бойынша құбырдың диаметрі 1000 мм-ге алмастырылады, осылайша жүктемесі ұлғаяды. Құбыр Қазақстанда жасалған, реконструкциялау жұмыстарын өндіруші компания қолға алды, - дейді Марат Иманаев.

Құбырдың өзге учаскесін ауыстыру жұмыстары келесі жылу маусымы аяқталған соң жалғастырылады. Биылғы жылға 1,5 млрд теңге бөлінген.

Желі тозығы жеткенмен, көктемгі және күзгі сынақтар барысында пайдалануға жарамдылығын көрсетті. Жылу маусымы кезінде ақаулар да анықталған жоқ. Дегенмен, жоспарлы жаңарту жұмыстарын қолға алудың уақыты келді. Апатты желілердің үлесін азайту үшін келесі жылы жаңа жылу магистралі салынады. Оның жылпы ұзындығы сегіз шақырымды құрайды. Осылайша, жаңа нысан қолданысқа енгізіледі, - дейді Иманаев.

Жоспар бойынша құбырдың бұл учаскесі қыркүйек айының соңына дейін ауыстырылып, кейін шаю шаралары жүргізіледі. Ал жылу маусымы басталғанда пайдалануға дайын болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы