«ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ»: Болашаққа салынған инвестиция
Елдің ертеңі – білімді де білікті жастардың қолында. Осы мақсатта 2022 жылы «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бастамасымен «ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ» жобасы қолға алынды.
Жоба аясында 2022 жылы «Samruk-Kazyna Trust» қоры Маңғыстау өңірінен 177 баланы білім грантымен қамту үшін іріктеп алды. Кейін жобаны «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы қолдап, Маңғыстау жастарына тегін білім алуға мүмкіндік беретін ауқымды бағдарламаға айналды.
Жобаның нәтижесі – нақты жетістіктерден көрінеді. Бүгінде бағдарлама аясында 1100 Маңғыстау жасы тегін білім алып, олардың қатарындағы 333 түлек диплом иегері атанды. «Samruk-Kazyna Trust» қамқорлығындағы 51 бала, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы қолдауымен 282 жас колледж бен мектептегі оқуын сәтті аяқтап, жаңа өмір белесіне қадам басты. Түлектердің басым бөлігі техникалық және гуманитарлық бағыттар бойынша мамандық алып, еңбек нарығына жолдама алды.
Ал жобаның алғашқы түлектері бүгінде өз мамандығы бойынша еңбек етіп, алған білімдерін тәжірибеде қолданып жүр. Қарағанды теміржол колледжін үздік бітірген Нұрлан Қалыбаев пен Сақтар Беріков Шахтер кентіндегі «Қазақстан темір жолы» компаниясының локомотив жөндеу депосында еңбек етуде. Жобаның тағы бірқатар түлегі еліміздің және шетелдің жоғары оқу орындарында білімін жалғастырып келеді.
Арманға бастар мүмкіндік
Digital College түлегі, қызыл диплом иегері Есқуат Әбунасыраддин бүгінде Қытайдағы Wuhan University of Technology университетінде тілдік дайындықтан өтіп, алдағы уақытта логистика мамандығы бойынша білім алуды жоспарлап отыр.
«ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ» маған тек білім ғана емес, өз болашағыма деген сенім сыйлады. Оқу ақысы, жатақхана, шәкіртақы және жол шығындарының толық қамтылуы арқасында ешнәрсеге алаңдамай, тек білім алуға күш салдым. Бірақ бұл – бағдарламаның берген мүмкіндіктерінің аз ғана бөлігі. Шын мәнінде, оқуға ынтасы бар әрбір жас үшін бұл жоба жаңа көкжиектерді ашады. Менің ең үлкен мақсатым – Қытайда алған білімімді елге әкеліп, Қазақстанның көлік-логистика саласының дамуына өз үлесімді қосу. Осы бағдарлама менің өмірлік жолымды өзгерткен шешуші қадам болды, – дейді жас маман.
Digital College-дің тағы бір түлегі, қызыл диплом иегері Жұмағали Ернар да білімін Қытайда жалғастыруға дайындалып жатыр. Ол үшін бағдарлама – ауылдан шыққан жас талапкердің үлкен арманға жетуіне жол ашқан мүмкіндік.
Бағдарлама мен үшін үлкен өмірге бастар есік болды. Алматы қаласында төрт жыл сапалы білім алып, өзімді жан-жақты дамытуға мүмкіндік алдым. Енді шетелде білімімді жетілдіріп, халықаралық тәжірибе жинауға жол ашылып отыр. Бұрын алыстағы арман болып көрінген мақсаттарым бүгінде біртіндеп орындалып келеді. Мен бұл мүмкіндікті барынша тиімді пайдаланып, елге білікті маман болып оралғым келеді. Осындай қолдаудың арқасында өз күшіме деген сенімім артып, болашағыма нақты жоспар құра бастадым, – дейді Ернар.
Ал Қалниязов Жанатбек – Digital College-дің «Бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша оқуын қызыл дипломмен аяқтаған түлегі. Оның айтуынша, бала күнгі арманына жетудің алғашқы баспалдағы дәл осы бағдарлама болды.
IT саласына қызығушылығым 9-сыныптан басталды. Әлемдік технология көшбасшылары Марк Цукерберг пен Стив Джобс секілді адамдардың жетістіктері мені әрдайым шабыттандырды. «ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ» сол арманыма алғашқы нақты қадам жасауға мүмкіндік берді. Колледжде алған білімімнің арқасында бағдарламалау бағытында өз жобаларымды әзірлей бастадым. Ендігі мақсатым – жоғары оқу орнында білімімді жалғастырып, заманауи цифрлық шешімдер әзірлейтін кәсіби маман болу. Бұл бағдарлама маған тек мамандық емес, өзіме деген сенім мен үлкен жауапкершілік сыйлады. Болашақта Қазақстанның цифрлық дамуына үлес қосатын маман атанғым келеді, – дейді жас маман.
Нақты нәтиже – жарқын келешек
«Samruk-Kazyna Trust» қоры мен «ҚазМұнайГаз» компаниясының бұл бастамасы жастарға тек білім беріп қана қоймай, олардың өз әлеуетін жүзеге асырып, ел дамуына үлес қосатын азамат болып қалыптасуына мүмкіндік беріп келеді. Ал мұндай бастамалар – болашаққа салынған ең құнды инвестиция.