Жарнамадағы алаяқтық әрекеттерге мониторинг жасалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінде 2021 жылғы ақпанда қаржы ұйымдарының жарнама қызметін жүйелік мониторингтеу нәтижелері туралы айтылды.  

Мониторинг ықтимал алаяқтық және басқа заңсыз әрекеттер тұрғысынан жүргізілді. Мәселен, агенттік ақпанда «Bank RBK» АҚ-қа қатысты ұсынымдық сипаттағы қадағалап ден қою шараларын қабылдады. Бұқаралық ақпарат құралдарында лицензияның берілген күні және лицензияны берген уәкілетті орган туралы мәліметтер дұрыс көрсетілмеген банктік қызметтер жарнамасын орналастырғаны үшін, сондай-ақ өтініші талап етілетін шарттарға сәйкес келмейтін қаржы өнімін бекіту туралы қолданыстағы хабарлама үшін санкциялар қолданылды.     

Бағалы қағаздар нарығы мен сақтандыру нарығы субъектілеріне қатысты ақпанда дұрыс емес жарнама, заңсыз әрекеттер және алаяқтық фактілері анықталған жоқ. Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдарға қатысты мынадай шаралар қабылданды:

  • «Астра-Ломбард» ЖШС-ге клиент қарызды төлеу мерзімін өткізген және міндеттемелерін тиісінше орындамаған жағдайдағы айыпақы мөлшерін көрсетпегені, сондай-ақ «Микроқаржылық қызмет туралы» ҚР заңының талаптарына сәйкес келмейтін әрекеттерді жүзеге асырғаны үшін ұйғарым шығарылды;
  •  «Сейф – Ломбард» ЖШС-ге қатысты микрокредиттерді өтеу кестесін жасау кезіндегі бұзушылық үшін жазбаша ұйғарым жіберілді. Ұйымның шарттары ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 29.11.2019ж. № 232 қаулысымен бекітілген шарттың мазмұнына, ресімделуіне қойылатын талаптарға және міндетті талаптарына сәйкес келмеді;
  •  «Қызылту-Несие» КС ЖШС, «Ақжар Кредит» КС ЖШС, «Тайынша Агро Финанс» КС ЖШС, «Ломбард Аю-тас Финанс» ЖШС, «Шалқар» КС ЖШС қатысты агенттік әрқайсысына 72 925 теңгеден айыппұл түріндегі әкімшілік жаза қолданды. Кредиттік серіктестіктер және ломбардтар микрокредиттер беру жөніндегі қызметтерді бекіту туралы хабарламаны уәкілетті органға жібермеген.

Халықпен өзара іс-қимыл жасайтын қаржы және өзге ұйымдардың жарнама қызметін алаяқтық және басқа да заңсыз әрекеттер тұрғысынан мониторингтеу көздері:

- қаржы және өзге де ұйымдар Агенттікке ұсынатын, оның ішінде Агенттіктің сұратуы бойынша ұсынатын құжаттар мен ақпарат;

- жеке және заңды тұлғалардан, мемлекеттік органдардан келіп түсетін өтініштер, құжаттар мен ақпарат;

- қаржы және өзге де ұйымдардың сайттары;

- Facebook, Twitter, Instagram, «ВКонтакте», Telegram әлеуметтік желілері;

- қаржы және өзге де ұйымдардың мобильдік қосымшалары;

- теле-, радиоарналардағы, қоғамдық көліктегі, мерзімді баспа басылымдарындағы жарнама, сондай-ақ сыртқы жарнама.

Мониторинг Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында және Қазақстанның облыс орталықтарында жүргізілді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы